«Тәрбиесіз кісілер көп»! Дәл осылай деген Баян Алагөзова өзінің жанкүйерлеріне аздап ренжулі. Атышулы продюссердің айтуынша, әй-шай жоқ, бейберекет мазалайтын жандар өмірінде жиі кездесетін көрінеді. Жалпы, жұлдыздар мұндай фанаттарға қандай амал қолданады?
Әдетте жанкүйерлер кумирына шалқар шабыт сыйлап, шығармашылығының шыңдауына себепкер жандар. Алайда әрдайым олай бола бермейтін де кездер бар. Мәселен, Билли Айлиш үйін торуылдаған фанатын сотқа берді. Пренелла Руссо есімді азамат өнерпаздың шаңырағына бір емес бірнеше рет барып мазасын алған көрінеді.
Билли Айлиш сынды, отандық шоу-бизнес өкілдері де жанкүйерлерінің жайсыз жағдайға жиі қалдыратынын айтады. Мәселен, Баян Алагөзова рұқсатсыз селфи жасағысы келетін жандардың ерсі қылығына ашулы.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Тәрбиесіз кісілер келеді, отырып алады. Сотканы алады да, кешірім сұрамай, сэлфи жасайды. Осындай жағдайлар болады. Сол кезде мен айтамын: «Кешіріңіз, мен демалып отырмын», - деп.
Талай тыңдарманның кумиріне айналған Роза Рымбаеваны да табынушылары әбден мезі қылған көрінеді. Халық әртісінің айтуынша тіпті сахнада тұрған сәтінде өнер көрсетуіне кедергі келтіретіндер көп екен.
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
- Бұл мәдениетсіздік деп санаймын. Жалпы әнші ән айтып тұрғанда, оның әнін тыңдау керек қой. Жоқ желкеңе де мініп алып, алдың да тұрып алып, сенің әнің емес, фотоға түсу керек болып тұрады. Мен кейде әнді тоқтатамын да айтамын не суретке түсейік, не ән айтайық.
Бірақ Сәкен Майғазиев жанкүйерлерінің ерсі қылықтарына ренжуден аулақ. «МузАрт» тобының әншісі мұндай жағдайды халықтың өзіне деген махаббатына балайды.
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:
- Енді мені солай жақсы көреді деп қабылдаймын да, болды. Мені жақсы көрмесе, ол менің қасыма келмес еді. Кейбір адамдар болады жұлқылап жақсы көреді. Құшақтап, қылқындырып. Оның барлығын мен дұрыс қабылдай аламын.