Апат айтып келмейді... Түркістан облысының біраз ауылы суға бөккенде, жанұшыра көмекке ұмтылғандардың қатарында өнер өкілдері де болды. Мақтаарал тұрғындарымен қоса түнеп, қолұшын берген алғашқылардың бірі – Роза Әлқожа. Одан өзге жабыққан жұрттың жанында жүрген жұлдыздардан кімдер бар?
Төрт күн бұрын тыныш жатқан Түркістан облысы ауылдарының шырқын Өзбекстанда жарылған «Сардоба» су қоймасы бұзды... Апат кесірінен 631 үй топан астында қалып, 31 мыңға жуық адам эвакуацияланған.
«Жұртқа жәрдем керек» дегеннен отандық көп жұлдыз жайбарақат жатпады. Олардың қатарында көмекке алғашқылардың бірі болып ұмытылған Роза Әлқожа бар. «Мән-жайды білгеннен қол қусырып отыра алмадым», - дейді ол. Әнші туған жерінің тұрғындарына өнер өкілдерімен бірігіп қаржы жинап жатыр.
Роза Әлқожа, әнші:
– Жалғыз өзім халықты барып жұбатқаннан ешқандай пайда жоқ. Мына жақта отырудың тағы ретін таппадық. 01:17 – адамның өзі сондай сәті болады, жаны шыдамайтын, өз еркімен жанұшыра жүгіретін кезі болады. Мен Мақтаарал жұртына қарыздармын деп есептеймін. Өйткені сол топырақтан жаралдым.
Қарап қалмағандардың қатарында, Қайрат Құдайберген де бар. Бизнесмен 20 тонна азық-түлік пен гигиеналық заттардан бөлек, Мақтаарал ауданының халқына 200 миллион теңге аударған. Бірақ кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмай, апат болған аймаққа аттанып, көмекті тікелей көрсеткен.
Қайрат Құдайберген, кәсіпкер:
- Соңғы екі күн сіздермен бірге болдым. Сол қиындықтарды өз көзіммен көрдім. Әрине сіздерді осындай қиын жағдайда біз тастамаймыз. Әрдайым қазақ бір-біріне көмек болған. Сол себептен ешбір мұңаймаңыздар. Қиындықтан бірге шығамыз.
Қайғы жамылған жұртқа демеу болып, көмек көрсеткендер қатарында «Өнер қырандары» театрының актерлары, Серік Ибрагимов, Жасұлан Базарбаев, Заттыбек Көпбосынов, Қайрат Нұртас пен Гүлзира Айдарбекова да бар.
Гүлзира Айдарбекова, продюсер:
-Құрметті Мақтарал ауданының тұрғындары мен сіздерді барынша сабырға шақырғым келеді! Бұл нәубетті де ел болып еңсереміз! Мың өліп, мың тірілген халықпыз ғой. Тек еңселеріңіз түспесін. Жұдырықтай жұмылып, бұл қиын-қыстау кезеңнен де аман есен өтетінімізге сенімдімін.