Күні кеше Карин Ройтфельд, «amfAR» ұйымымен бірігіп алғаш рет онлайн режимде сән көрсетілімін өткізді. Бұл шара – әлемдік деңгейде жасалып отырған тұңғыш тәжірибе. Оның басты мақсаты - COVID-19 вирусынан зардап шегушілерге қаржы жинау.
Бұл жолы топ-модельдердің подиумын үйдегі ұзын дәліз, баспалдақ пен қонақ бөлме ауыстырды. Мәселен Ирина Шейк Нью-Йорктағы үйінен трансляцияға шықты. Сылқым сүйікті бренді «Versace»-дің қысқа, жолбарыс өңді көйлегін киіп, сыртынан қара түсті кейп іліп, виртуалды жанкүйерін таңғалдырды.
Эшли Грэм, Хэйли Бибер, Ким Кардашьян, Адриана Лима да аталмыш жобада бой көрсетті. Сән әлемінің сылқымдары киімді өз гардеробынан алған. Ал образ таңдауға Карин Ройтфельд көмектескен.
Бұл жоба үшін мейкап пен шаш үлгісін де модельдердің өздері жасаған. «Бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқан карантин кесірінен, қалай бояну керегін ұмытып қалыппын», - деп қалжыңдады Адриана Лима. Фэшн шоу арқылы қалың көрермен әлемге әйгілі сылқымдардың гардеробын тамашалап, айтулы сәтке дайындығының куәгері атанды. Соның арқасында ерекше сән көрсетілімі екі күннің ішінде 172 мыңға жуық қаралым жинап үлгерген.