Кәмшат Жолдыбаева бастаған өнер өкілдері гив ойнатамыз деп басы дауға қалды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Достарыма жазыл да ақша ұтып ал! Соңғы кездері осы тектес гив ойындар көбейіп кетті. Ақша таратқыш әртістердің ішінде басы дауға қалған Кәмшат Жолдыбаева, Айжан Байзаковалар да бар. Бұл оқырман көбейтудің айласы ма әлде шынымен қомақты қаражатты көзсіз тарату ма?

«Бұл не қылған батпан құйрық. Ай далада жатқан құйрық», - деп инстаграмдағы жұрт түрлі гив ойнатып жатқан әртістер қауымына базынасын айтуда. Әсіресе «38 досыма жазыл және лайк бас та ақша ұтып ал» деп жарнама жасап жүрген әзілкеш Қабдол Тілеков: «әділ емес деп айтатындар көп, бірақ бәрі шынайы», - деп ақталды.

Қабдол Тілеков, әзілкеш:

– Иә, гив туралы шынымен көп болып кетті әңгіме. Біздер енді шыны керек, жақында ғана сол гивтің гаммасына енді ғана кіріп жатырмыз. Біз бұған дейін білген жоқпыз дұрыс. Енді-енді біліп жатырмыз.

Енді-енді блогерлікті шындап қолға алған әзілкеш «жеңімпазды кездейсоқ таңдаймыз. Кейде сториз арқылы, кейде лайк арқылы» дейді.

Қабдол Тілеков, әзілкеш:

– Бұл жерде халықты ешқандай алдау емес. Айтылған сумманы халыққа беріп жатырмыз, таратып жатырмыз. Спонсорлардан алған ақшаның белгілі бір соммасын халыққа ойнатамыз.

Ал Әли Оқапов болса, бұндай жолмен оқырман көбейтетіндерді түсінбейтінін айтады. Әнші «халықтың ыстық ықыласы болмаса, ойын біткен соң бәрібір кері шығып кетеді ғой» деген пікірде.

Әли Оқапов, әнші:

- Мен осындай гив ойындарына қарсымын. Мен тіпті жарнаманың өзін өте сирек жасаймын. Мені оқитындар менің шығармашылығым, ойым, өмірім үшін оқиды. Ал сол оқырманның назарын пайдалану сәл әділетсіз сияқты.

Ал Әсем Нұрсейітова «бұл бизнес және бұнда тұрған ештеңе жоқ» деген пікірде. Ұсыныс түссе жарнама жасай беретін дизайнердің өзі де кейде құлдырап кеткен статистикасын осы гив арқылы көтереді екен. Және түскен пайданы теңдей етіп, апалы-сіңлілер өзара бөлісетін болып шықты.

Әсем Нұрсейітова, дизайнер:

- Сосын міндетті түрде тапқанымызды бөлеміз төртке әпкелі-сіңлілі болған соң бәрі риза болады, өйткені біз бергенін ала береміз.

Жаппай гив ойнатып жатқан әртістердің ішінде: Кәмшат Жолдыбаева, Нұрболат Абдуллин, Айжұлдыз Айдарбекова, Арман Жаналиев сынды атақтылар бар. Естеріңізде болса, Айжан Байзақова осындай ойын ұйымдастырамын деп басы бәлеге қалған болатын. Оның ойынына демеуші болған әйел, атышулы арудан 55 мың теңгесін әрең қайтарған. Ал гив сол күйі өткізілмепті.