Отандық шоу-бизнес өкілдері төтенше жағдайдың біткенін тағатсыздана тосып жүр! Тіпті олардың кейбірі карантиннен кейін істейтін жұмыстарының тізімін алдын-ала дайындап қойған көрінеді. Мысалы, «Мистерионс» тобының әншісі Дильен: «шаштаразға барсам арманым болмас еді», -дейді.
Наурыз айында екінші рет әке атанған Дильен қос ұлының қасында, қызығына тоймай жүр. Десе де, жас әке төтенше жағдай кесірінен ұлдарымен бірге саябаққа барып, таза ауаға шықпай жүргеніне қынжылады. Сондықтан да «Мистерионстық» серінің карантин біткен соң атқарар жоспары жетерлік.
Дильен, «МYSTERIONS» тобының әншісі:
- Әрине, біріншіден шашымды аламын. Екіншіден өз отбасымды қыдыруға апарамын. Үшіншіден әрине, өз жұмысымызды бастаймыз. Жұмыс көбейіп қалыпты, по списку көреміз енді. Бүкіл пландардың бәрін карантиннен кейін жасаймыз.
Ал, блогер әрі вайнер Жансерік Қадырбаев «бұрын уақыт таппаған істерім енді хоббиге айналды»,- дейді.
Жансерік Қадырбаев, блогер:
- Кітаптар оқу, жаңа нәрселерді үйрену, жаттығу жасау деген сияқты. Сонымен қатар болашаққа өзіңе мақсаттар қойып, сол мақсаттарға жету жолдарын қарастыру деген секілді.
Психолог Құралай Ошақбаева болса, болашаққа жоспар құрудан аулақ. Коуч маман карантин көпшіліктің өмірге деген көзқарасын өзгертті дейді.
Құралай Ошақбаева, психолог:
- Дәл қазіргі моментпен өмір сүруді, қазіргі сәтпен өмір сүруді өзіме әдетке айналдырып алдым. Сондықтан болғанын көреміз де. Аман-есен осы күннен шықсақ, аман бәрі ел аман, жұрт тыныш , бауыр бүтін боп шықсақ, жоспарларды құра берерміз.
Расында да, карантин кезінде бірі аспаз, енді бірі тігінші атанған жұлдыздардың бұл ісі алдағы уақытта ұмыт қалмайды деп үміттенеміз.