Карантин талаптары күшейтілгелі бері, хакерлер де инста парақшаларға шабуылын үдеткен. Барша блогерлер мен әртістер әлеуметтік желілерін қайтара алмай әуреде жүр. Олардың қатарында өзім де бармын. Виртуалды ұрылардан инстаграм рақшаңызды қайтарып алудың құны қанша?
Өнер өкілдерінің парақшаларына сұқ көздің жиі түсетіні белгілі. Сондықтан да олар виртуалды ұрылардың кесірінен мыңдаған, миллиондаған оқырманы бар әлеуметтік желілерінен әп-сетте айырылып қалып жатады.
Балжан Бидаш 725 мың оқырманы бар инстасынан көз жазып қалған. Десе де әнші үмітін үзбепті. Фолловері 1 миллионға жақындап қалған парақшасын қайтарып алу үшін әрекеттеніп жатқанға ұқсайды.
Хакерлердің құрығынан құтыла алмаған тағы бір танымал «Ревюдің» тележүргізушісі Нұрсұлтан Есжан. Ол 130 мыңға жуық оқырманы бар парақшасын ұрлатқан.
Ал хакерлерге есесін жібермеген, нақтырақ айтқанда парақшасын бермеген Айнұр Ілиясова айласын басқаша асырған.
Айнұр Ілиясова, актриса:
- Менің инстаграмымды біреу бұзды. Білмеймін енді не істегісі келді. Мен қаншама инстаграм басшыларына жаздым хат. Бірақ ешқандай дұрыс жауап келген жоқ. Сондықтан хакерлерге жүгініп, аз-маз ақша беріп, инстаграмымды қайтарып алдым.
Ал бір жыл бұрын виртуалды шабуылға ұшыраған Асылхан Төлепов, «желіге тәуелді болып бара жатырмыз. Кейде тоқтап, айналаға да қараған абзал» дейді.
Асылхан Төлепов, актер:
-Негізі көп уақытты алатыны сол инстаграм сияқты. Сол кезде бұзып тастағанда 1,5 айдай жүрдім. 3-4 күндей жүрдім интернетке кірмей-ақ. Оған да үйренуге болатын сияқты.
Иә, желідегі желікпе артқан заманда, айналаға қараудан қалдық. Кейде қасымыздағының қадірін білу үшін де, интернет қарақшылардың қақпанына түсіп тұрған да абзалырақ сияқты.