Уәлибек Әбдірайымов күні кеше киногерлерді оңдырмай сынның астына алған еді. Енді, міне әзілкеш өзі де фильм түсіруге құлықты екенін айтып, таңқалдырды. Атақты әзілкештің тіпті сценарийі де дайын екен. «Тек қаражат жағына қарайласатын адам болса», - дейді Уәлибек мырза.
Уәлибек Әбдірайымов, әзілкеш:
– Әдеби кеңесшіміздің сараптауынан өтіп, тілін көркемдеп берсе, түсіріп қалатын шығармыз. Бірақ енді мен түсіремін, мықты деп айта алмаймын. Содан кейін жылқы туралы, бәйге аты туралы бір сценарийім бар, жазылып қойған. Оған бір-екі жерге айтып жатырмыз. Егер бәйгеге, атқа жанашыр адам болатын болса, қазақ бәйгесін қалай баптау керек сол жөнінде.
Елдегі төтенше жағдай танымал әзілкешке кері әсерін тигізбей қоймапты. Көптеген концерттер кейінге шегеріліп, жобалары тұралап қалыпты. Бірақ «бұл да кешікпей бітеді ғой», - деген Уәлибек мырза, кештеріне дайындықты онлайн жүргізіп жатыр.
Уәлибек Әбдірайымов, әзілкеш:
– Біз қазір онлайн арқылы дайындалып жатырмыз оған. Текстін, әндерін бәрін келістіріп жатырмыз. Киімдерін... Онлайн арқылы бәрі де. Бітеді, бір-ақ апта дайындаламыз да сахнаға шығарып жібереміз деп отырмыз.
Төрт қабырғаға қамалған «Шаншардың» директоры бүгінде карантин ережелерін қатаң сақтап жүргенін айтады. «Әр азамат қағиданы қалт жібермесе, ел бұл жұттан аман шығады», - дейді ол.
Уәлибек Әбдірайымов, әзілкеш:
–Үйден шықпаңдар деді, үйден шықпаймыз. Шықпаңдар деді шықпаймыз. Үйде отырмыз. Маска ки деді, маска киіп алдық. Қолдарыңа қолғап киіңдер деді, қысты күні кимейтін қолғапты киіп алғанбыз қазір. Осылай.