«Артишок» театры елімізде карантин жарияланды деп, құр қол қусырып отыруға құлықсыз! Өнер ордасы тұңғыш рет «Ер Төстік» спектаклін онлайн трансляция арқылы халық назарына ұсынбақ. Қойылым «Игеру» заманауи музыка ансамблінің сүйемелдеуімен өтпек.
Анастасия Тарасова, «Артишок» театрының директоры:
-Бірінші рет дәл осындай қиын жағдайға тап болдық. Бұл біздің алғашқы тәжірибеміз. Әзірге ізденіс үстіндеміз. Онлайн трансляциядағы қойылым, кәсіби деңгейде 5-6 камераның жұмылдыруымен өтеді.
Камералық операның композиторы Александр Маноцков арнайы Ресейден келген. «Елдегі төтенше жағдайға байланысты көрерменсіз қалсақ та, қойылымды кейінге шегергіміз келмеді», - дейді ұжым басшысы.
Десе де, тәуелсіз театр техниканы қалта көтермегендіктен, әрдайым онлайн-қойылым қоя алмайтынын алға тартады. Алайда, ұжым бұл мәселені шешу үшін қаражатты «краудфандинг» әдісі арқылы жинамақ. Әр көрермен спектакльді тегін көрмес бұрын, қалауынша онлайн төлем жасап, жобаға қолдау білдіре алады.
Шыңғыс Капин, «Артишок» театрының актеры:
- Елдегі карантинге байланысты көрермен үйде отырып, түрлі контент қарағысы келеді. Біз оған дайынбыз. Бірақ Артишок тәуелсіз театр болғандықтан, онлайн кей кездері қаржы жетіспейді.
Көзбен көрсмесек те, көрерменнің қолдауын сезінуге тырысамыз деген Шыңғыс Капин, төтенше жағдай осындай тәуекелге баруға мүмкіндік бергенін алға тартады.
Шыңғыс Капин, «Артишок» театрының актеры:
- Спектакль детальдарымен қызықты болғандықтан, керісінше бұл жағынан ұтымды. Қолдағы қауырсын немесе татуировкалар анық көрінеді. Көрермен үшін керісінше онлайн көрген анағұрлым қызықты болмақ.
Ал «Ер Төстік» камералық операсы 17 наурыз күні сағат 20:30-да «Артишок» театрының ЮТУБ желісіндегі каналында онлайн түрде өтеді.