Алсу араға жыл салып атышулы байқауда қызына дауысты сатып әпергенін мойындады!

Сообщить о проблеме с эфиром

2019 жылы күллі ТМД-ны шулатқан Ресейлік «Голос дети» байқауында әнші Алсудың қызы Миккела Абрамова дауыс басымдылығымен жарыста жеңіске жеткен болатын. Бірақ жасөспірімнің қуанышы көп көңілге күдік салып, шу тудырған еді. Сосын берілген дауыстар қайта санауға түсіп, нәтиже нөлге шықты. Алсудың өзі араға жыл салып қана, құйтырқысын мойындады.

Алсу, Ресейлік әнші:

–Дауыстарды сатып алғанымды мойындаймын. Осы байқауға қатысқан әр қатысушы сатып алды деген ойдамын. Өйткені балаң жеңсін десең смс арқылы дауыс бересің. Ол хабарлама ақша тұрады. Жеке басым 40 хат жолдаппын. Екі телефоным бар. Түсірілім барысында, қос смартфонға жармасып жіберіп отырдым.

Айтарын айтып, кейін бармақ тістегендей болған Алсу, шындығын жуып-шаюға тырысып түрлі сылтауды санамалай жөнелді. Ақыр соңында жеңіс инстаграмдағы оқырмандары арқылы келді деген байламға тоқтады.

Алсу, әнші:

–Даттайтын адамдар қашанда табылады ғой. Қызым үшін барымды салғаным рас. Менің инстаграмда 2 миллион оқырманым бар. Миккеллаға 145-146 мың адам дауыс берген. Бұл менің жазылушыларымның 6-7 пайызы ғана. Ары қарай өзіңіз ойлай беріңіз.

Ал алғашында екіншілікті еншіледі деген Ержан Максим, дауысты кері санағаннан кейін бірінші орынның тұғырына жайғасты. Жас әнші «Сол кереғар оқиғадан кейін, шыңдалып жігерлене түстім», - дейді.

Ержан Максим, әнші:

– Өзгерістер өте көп. Көптеген адамдар қазір таниды. Жәнеде көптеген концерттерге шақырады. Көптеген ұсыныстар түсіп жатады.

Ал Алсудың пікіріне қатысты ойын білейік деп Ержан Максимның продюсері, анасы Гүлмира Әлібекке хабарласқанымызда, ол қандай да бір пікір білдіруден бас тартты. Себебін «ескі жараны қайта қозғағым келмейді» дегенмен түсіндірді.