Инстаграм желісінде 19,1 млн фолловер жинаған Ольга Бузова рекорд орнатты. Осылайша сылқым оқырманы ең көп ресейлік танымал тұлға атанып отыр. Әншінің ізін ала, бұл тізімге 18,4 млн-дық аудиториясы бар жекпе-жек шебері Хабиб Нурмагомедов жайғасса, парақшасына 14,5 млн адам жазылған рэпер Тимати әзірге үшінші орында.
Отандық жұлдыздар ішінен оқырмандары көп бестікті Қайрат Нұртас бастайды. Хитменнің парақшасына 4,5 млн адам жазылған. Екінші орында Ерке Есмахан. Әнші қыз Қайраттан 100 мың фолловермен артта қалып отыр. Одан бөлек, Баян Алагөзова 3,9 млн, Геннадий Головкин 3,8 млн, Аша Матай 3,7 млн фалловер жинап, оқырмандары көп жұлдыздар көшінде.
Фолловер санын көбейту мақсатында желіні желпіп тұратын танымалдар да жоқ емес. Мәселен, Әсел Асқар парақшасына оқырман жинау үшін гивтерді жиі ұйымдастырады. Сондай-ақ, актриса аккаунтына жеке өміріне қатысты сурет жүктегенде, оқырмандар көбірек жазылатынын жасырмайды. Ондай фото мен видеолар міндетті түрде көпшілікті қызықтырады дейді ол.
Әсел Асқар, актриса:
- Мен жолдасымнан алдын-ала рұқсат сұраймын, мына суреттерді жүктеуге бола ма деп. Ол келіседі. Жақсы шыққан фотомызды неге салмасқа?!
Ал актриса Дарья Александрова «плейбой» стиліндегі фотосуреттерді парақшасына әдейі жүктейді. Тіпті қыстың күні қарға да жалаңаш түсіп, оқырман назары үшін бәріне әзір екенін тағы бір рет дәлелдеді.
Дарья Александрова, актриса:
- Оның көмегі зор, мысалы мен қызымның суретін салсам, 1,5-2 мың ғана лүпіл жинайды, ал бөксемді жүктесем, 7 мың лүпіл болады. Олар мені топ ішінен бөксем арқылы табады да, парақшама кіріп, пайдалы жазбаларымды оқып, аккаунтыма жазылуды ұйғарады. Бұл – қулық.
Мұндай қулыққа баратын тек Дарья ғана емес. Мақпал Исабекова, әпкелі-сіңлілі Жолдыбаевалар мен Жәния Джуринскаялар да жалаңаш суреттерімен желіні шулатып, оқырман санын көбейтпек ниетті. Дегенмен, казнеттің «миллионерлеріне» әлі де жете алмай жүр.