«Ең үздік ән», «ең үздік орындаушы» немесе «үздік продюсер»! Бүгінде шоу-бизнес өкілдеріне табысталатын марапаттар саны артып келеді. 2019 жылдың өзінде елімізде онға жуық премия өткен. Алайда, әр жүлде соңы кей өнерпаздардың қарсылығымен аяқталатыны әдетке айналғандай. Мәселен, «Qazaq Music Awards» премиясынан құр алақан қайтқан «Жігіттер» өз жазбасымен желіні шулатқан еді.
Дәл осылай деген Бағлан Әбдіраимов инстаграмда пост қалдырып, өкпесінің қара қазандай екенін ашық білдірді.
Жігіттер тобы:
- Көзім көрген жоқ, кім дауыс беріп жатыр, кім жюри білмейміз.
Ал, «Жыл таңдауы» премиясында үздік атанбағаны үшін, эмоцияға бой алдырған EQ-ліктер өрескел қылық танытқан да еді. Кейіннен q-pop өкілдері бұл ісі үшін кешірім сұрап, ақталғандай болды.
EQ тобы:
- Әділдік немесе әділетсіздік дегенге ештеңе айтқым келмейді. Белгілі бір адамдардың таңдауы, белгілі бір адамдардың өнер деп таңдауы. Бірақ халықтың таңдауын ешқашан ұмытпау керек.
Ренжулі әртістер қатарында Кентал да бар. Сахнада жүргеніне 14 жыл болса да тек бір ғана премияда үздік атанған ол, мұндай шаралардың әділ өтетініне сенбейді екен.
Кентал- әнші:
- Сенбеймін. Өйткені менде бір-ақ статуэтка дейсіз ғой? Ия, өйткені менде бір-ақ статуэтка. Әділ өтетін болса менде 10-15 статуэтка болушы еді.
Әнші Динара Сұлтан болса, жүлделі болып жатқан жас әріптестерін тіпті танымайды.
Динара Сұлтан, әнші:
- Мен негізі әділ өтетініне онша қатты сеніңкіремеймін. Өйткені бізге түсініксіз ол, жабық түрде болады. Қазір жастар көп қарап тұрсам, қазір де көп номинацияларда жастар. Жартысын танымайды екенмін.
Ал, мұны естіген Роза Рымбаева бағы мен бабы қатар шаппағандарға жұбату айтуға тырысты. Халық әртісінің пікірінше, шын талантты уақыт көрсетеді.
Роза Рымбаева, ҚР Халық артисі:
- Бұл енді, орындаушыларға, сахнада жүрген жас таланттарға бір стимул ғой. Оның таланты бағаланып, әні жоғарғы бағасын алып жатса, яғни ол әнші тағы одан да жоғары мақсат қояды. Бір әнмен де жұлдыз болып кетуге болады. Фонограммамен де жұлдыз болып кетуге болады.