Жылдың ең табысты фильмі анықталды

Сообщить о проблеме с эфиром

Дәл осы жылы отандық картиналар кассалық табысымен шетелдік блокбастерлердің өзін шаң қаптырды. 2019-да басы-қасы 40-қа жуық фильм көрерменге ұсынылды. Олардың ішінде ең көп қаражатқа кенелген ТОП фильмдер көшін - «Бизнес по казахски в Африке» бастап тұр.

Нұрлан Қоянбаевтың қызықты комедиясы айналымдағы бес аптада 573 млн теңгеден аса кіріс әкелді.

Нұрлан Қоянбаев, актер, продюсер:

- Киноиндустрияда әзірге жеңімпаз деп айтуға болады. Қазір деген көп әріптестеріміз енді бір-бірінен сұрайды ғой бірінші орында қай кино деп, сонда по-казахски дейді. Оның өзі маған жеңіс.

Талай комедиялар арасында топ жарған «Томирис» тарихи лентасы екінші сатыда. Ақан Сатаев таспалаған туынды қоржынын 480 млн теңгеге толтырды. Алайда, талантты режиссер бұл фильмге 2 млрд 259 мың теңге жұмсаған еді.

Ақан Сатаев, режиссер:

- Алғашқы аптада кассалық жиын бойынша көш бастадық. Қазір, бірінші болмасақ та, үздіктер арасындамыз. Америкалық үздік фильмдермен бірге шыққанымызды ескерсек, нәтиже жаман емес.

Нұртас Адамбай өзінің «Құдалар» фильмімен ең табысты фильмдер үштігін түйіндейді. 390 млн теңгеге кенелген режиссердің отбасылық құндылықтарды дәріптейтін фильмі көрермен көңілінен шыққан.

Нұртастың жыл соңында жарық көрген «Әкімі» де, «Құдалардан» небәрі 64 млн-ға кем түскен. Бұл киногердің шығармашылығындағы сегізінші туындысы.

Қайрат Әділгерей, актер, тележүргізуші:

- Қазіргі кезде билік пен халық арасында жер мен көктей ғой. Арасында қатынас жоқ. Ал, бұл кинода халық пен билікті біте қайнастырады. Билік халықтан ақыл-кеңес сұрайды. Халық билікке сенеді. Сондай достық қарым-қатынасты қалыптастыратын кино.

Сондай-ақ, Құралай Анарбекованың «Брат или брак - 2» комедиясы 370 млн теңгемен топ жарса, Әсель Сәдуақасова «Келика тоже человек 2», «Семьянин» және «Кино-по понятием» фильмдерін көрермен назарына ұсынып, қалтасын біраз қалыңдатқан еді.