Әуен үзілгенде, әншінің ақиқаты айқара болады. Ноталарды жалғап іліп алып кетеді, не сасқан үйректің кебін киеді. Алтынай Жорабаеваның да сахнада ұятқа қалған кездері болған екен. Музыкасы мұқатып емес, киімі кідіріс туғызған.
Алтынай Жорабаева, әнші:
– Қарағандыда болған ол жағдай. Сонда шалбарымның сахнаға шығар алдында замогы істемей қалды. Толқыныс болады ғой. Сонымен ананы толқып тұрып тартып жатқанда, шешіліп кетті. Ал басқа киім жоқ. Сонда сахнаны ұстай тұрсын деп қара жіппен былай тіккенім бар да. Сонда былай жүре алмаймын, ұяламын. Бір жағыммен ғана ән айта бергенмін да.
Халықты қашанда қыран-топан күлкіге қарық қылып үйреніп қалған әзілкеш Қайрат Әділгерейдің де әбігерге түскен кездері аз болмапты. «Дайындығымның аз болғанынан, монологымның саз болмаған сәттерін ойласам ұяттан жерге кірердей боламын» дейді ол.
Қайрат Әділгерей, әзілкеш:
– Cәтсіз ол – концерттерде піспеген монологтарды халықтың алдында оқыған кезде, гострольда. Халық та түсінбей, өзің де сол материалды сіңірмей, қалай халыққа жеткізуді игермей айтқан кезде, сондай сәтсіздіктер көп болады.
Қайрат Әділгерей «әзілді сіңірмей сахнаға шықтым» десе, Асхат Тарғын микрофонсыз ән айтпақ болған. «Бәрі алаңғасар мінезімнің кесірі» дейді әнші.
Асхат Тарғын, әнші:
–Сахнаға микрофонсыз шығып кеткенім бар, ұмытып кетіп. Әңгіме айтып тұрғанда хабарлап жіберген ғой. – Телевизионный вариант болып жатқаннан кейін, ол жерде срыв жасауға болмайды. Мына жағыма қарасам бір бала микрофон ұстап жүгіріп келе жатыр екен. Байқап қалған ғой. Мысалы ол байқамаса қайтып кетіп қаласың ба не істейсің мысалы?
Артқа қайтып кетерге жол, кірерге тесік таппаған әртістердің сахнадағы қызығы қашанда таусылмақ емес. Тек мұның арты, абыройларына кері әсерін тигізіп жүрмесе игі...