Күллі әлем таныған Димаш Құдайберген «ең көрікті» атанды! Әнші «Азияның ең әдемі бейнесі» деп танылды. «TC Candler» порталының пайымымен 100 жұлдыздың ішінен таңдалған Димаш, сегізінші орында!
Өзінің сұлулығымен көпшілікті тәнті еткен Димаштың бұл жетістігі өнердегі әріптестерін де бейжай қалдырмады. Отандасымыздың жаһан алдындағы кезекті жеңісі жайлы Нағима Есқалиева да сөз қозғады. Халық әртісінің айтуынша, Димашты уақытында мойындамауда көпшіліктің кінәсі жоқ.
Нағима Есқалиева, ҚР халық әртісі:
-Димаш Қытайды мойындатқызбай тұрып, «Бозторғай» конкурсы арқылы танымал болды. Мен алғаш оны сол кішкентай кезінде көргенім есімде. Өкініштісі, ол кездегі байқаулар бүгінгідей эфирлерден көрсетіле бермейтін. Халық бейхабар болып қалатын.
«Ең сымбатты» атану үшін Димаш Құдайберген, Азияның жарық жұлдыздарымен бәсекеге түскен-ді. Онлайн дауыс беру арқылы көпшілік таңдауына көңіл бөлетін «TC Candler» порталы, 1990-шы жылдан бері танымалдар рейтингін түзіп келеді.
Ержан Мұқатаев, «Алау» тобының әншісі:
-Оны инстаграмда естіген болатынмын. Иә, өте сымбатты жігіт. Енді ол біздің қазақтың атын шығарып жүрген азамат қой, шыны керек. Өнері де өте керемет өзі де сондай бойы биік, сымбатты жігіт, Сондықтан да ол соған лайық деп ойлаймын шыны керек. Еңбекқорлығы ғой ең бірінші негізі.
Димаштың сұлу жұлдыздар ондығына кіргенінен Ақерке Бүркітбай бейхабар болып шықты. «Асыл» тобының әншісі, табиғи сұлулық әрдайым бағаланады деп отыр.
Ақерке Бүркітбай, «Асыл» тобының әншісі:
-Енді шынымды айтсам, сізден естіп тұрмын бұл қуанышты жаңалықты. Өте қуанышты жаңалық мен үшін. Оңтүстік Корея елінде, олар айтады екен сендер ешқандай операциясыз, ешқандай беттеріңе ешқандай өзгеріс енгізбестен, осындай сұлусыңдар деп. Олар бір өте бір керемет таңқалыспен қарайды екен. Тек қана сұлулығымен ғана емес, өнерімен де дәлелдеп жүр.