Айгүл Иманбаева кімге өкпелі? Әншіні сазға отырғызып кеткен актер кім?

Сообщить о проблеме с эфиром

Айгүл Иманбаева кезекті клипін таспалауға кірісіп кеткен. Бірақ, әнші «бейнебаянның оқиға желісін Баян Алагөзовдан сұраңдар, мен бейхабармын» дейді. Дайынға келген Айгүл сценариймен тек түсірілім алаңында танысыпты.

Айгүл Иманбаева, әнші:

– 2006-шы, 2007-ші жылдан бері клип түсіргелі бері оның оқиғасы, желісін өзім ойлап жүрген жоқпын. Барлығы Баянның мойынында тұрады бізде. Сол дайынға келдім. Өзім ішінде жүріп сұрап жүрмін ғой: мен кіммін, мынау кім, мына қыз кім, мына жігіт неге жүр,- деп.

Ал, Баянның бас ауруына айналғаны актер табу болыпты. Түсірілімге санаулы сағаттар қалғанда бірнеше ай бұрын бекітілген сері сергелдеңге салып, тұтқаны көтермей қойған.

Баян Мақсатқызы, продюсер:

- Әрине, ол актердың бұл қылығын құптай алмаймын. Есімін де, тегін де атамаймын. Өйткені өте танымал. Бірақ келесіде осы жағдайды ескеретін боламын. Былайша айтқанда, назарға алдық.

Айгүл Иманбаева, әнші:

- Мені заблокировать етіп тастағаны қалай кетті?! Басқа телефонмен звондасам гудок барады.

Баян Мақсатқызы есімін құпия қалдырғысы келгенімен, Иманбаева жауапсыз әріптесінің аты-жөнін жасырып қалғысы жоқ. «Өйткені, қара тізімге тығып тастағаны аздай, алдын ала алған ақшасын да қайтармай жатыр» дейді Айгүл.

Айгүл Иманбаева, әнші:

– Мұрат Биссембин деген актер түсуі керек болған. Не себеп болғанын білмедім. Жалпы, өзінің сұраған гонорарына да келіскен едік. Олай жасамайды өнерде. Ол жақсы нәрсе емес әріптестер арасында. Өкпем бар, ренішім бар. Тіпті хабарласып, алдын ала беріп қойған ақшамның өзін ала алмай отырмын. Білмеймін, бірінші рет камераға айтып тұрмын. Сондай іштей ренжідім.

Сюжет желісі бойынша екеуі жаттығу залында танысады. Айгүл сымбатты серіге елтісе де, сыр бермей ұзақ уақыт қылық көрсетеді. Тек соңына қарай махаббатқа төтеп бере алмаған ол жансарайын ашып, жылылық танытады.

Мұрат Биссембиннің уысынан сусып түскен басты рөлді сомдайтын актер түсірілімге 4 сағат қалғанда бекітіліпті. Фитнес-жаттықтырушы Акбар Жармағанбетов «ұсыныс түскенде қатты қуандым. Тіпті, тегін жұмыс жасауға дайын екенімді айттым» дейді.

Акбар Жармағанбетов, актер:

– Түнгі 2-де Баян Мақсатқызы жазып тұр маған. Мен шошып кеттім, бірдеңе болып қалған шығар деп. Мәселе болып қалыпты. Сол аяқастынан бір актер келмей қалыпты. Сосын шақырып алды.

«Сергелдеңге салған бейнебаянның сапасы сын көтерердей болады. Өйткені, әдемі махаббат оқиғасы әлі ешкімді де бей-жәй қалдырмаған» дейді идея авторы Баян Алагөзова.