Ел ішінде білгенімен бөлісіп, бақытқа, байлыққа, адамдық пен адалдыққа үндеп жүрген танымалдар қаншама. Мәселен, айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева санаңыз бен түпсанаңызды тазартуға көмектессе, тележүргізуші Динара Сәтжан мәнсабыңызда өрлеуге жетелейтін жолдардың құпиясымен бөлісуге әзір. Мұндай түрлі тренингтерге Нұрлан Абдуллиннің сенгісі жоқ. Әнші бәріне еңбекпен жетуге болатынын айтады.
Нұрлан Абдуллин, әнші:
– Құдай сақтасын! Мысалы, біз атымыз шығу үшін 7-8 жыл сахнада жүрдік. Үлкен ағаларымыздың, апаларымыздың батасын алдық. Сол кісілердің қолына су құйдық деген сияқты.
Ал, Роза Рымбаева болса, «адамдардың ізденісте жүргені жақсы. Тренингтер заманауи тенденцияға айналды» деген пікірде. «Өзін баланста ұстай білетіндердің жетістікке жету мүмкіндігі жоғары болмақ»,- дейді халық әртісі.
Роза Рымбаева, әнші:
– Енді үйренемін көп нәрсені, сол арқылы өсемін деген адамдар барады. Жоқ мен онсызда өзімнің ақылыммен жүремін деген адамдар бармайды. Ол әр адамның түсінігінің деңгейіне байланысты.
Дильназ Ахмадиеваның пікірінше, тренингтерді – үлкен кәсіпке айналдырып алғандар жетерлік. Бұл «аңқау адамдар арқылы ақша табудың айласы» дейді әнші.
Дильназ Ахмадиева, әнші:
- Айтады ғой, егер біреу саған ақыл айтып жатса, ең бірінші оның тұрмыс тіршілігіне қара деп. Себебі өзінің жағдайын жетістіре алмай жүрген адам, саған қайтіп кеңес береді? Дұрыс па?
Ал психология ғылымымен 19 жылдан бері айналысып келе жатқан Құралай Нұрқаділова мүлде басқаша ойлайды. Сәнгер: «іштей өзін жеп, езгіге салып жіберген әйел затына көмектесу менің парызым іспетті» дейді.
Құралай Нұрқаділова, сәнгер:
– Мен осынша жылдан бері әйелдерді бойларындағы комплекстерден арылтуға көмектесіп келемін. Көмек сұрап хабарласатындар көп. Ең жиі қойылатыны: «Менің неге мәнсапта жолым болмай кетті? Күйеуім көңіл бөлмейді» сынды сұрақтар. Жауабы оп-оңай: ол ішкі рухтың түсіп кетуі.
Бағыт беретін бағдаршамың болса, сәулесіне қарай ағымдаған да дұрыс шығар. Бастысы бұлынғыр мақсаттарды маңайлап кетпесеңіз болғаны.