Аталмыш трек хит болғалы, орындаушысы Ерке Есмаханның өмірі түбегейлі өзгергені тайға таңба басқандай байқалады. Әсіресе, оны еліміздің түкпір-түкпірінен той-томалаққа шақыртқан тыңдарманның сұранысынан-ақ көруге болады.
Ерке Есмахан, әнші:
- Шыны керек, осы «Қайда» әнін айтпаған жерім жоқ шығар. Барған жерімде 2-3 рет айтамын.
Еркенің «Қайда» туындысы оның шамшырағын тек тойда емес, youtube видеохостингінде де жақты. Екі жылда 100 миллион қаралым жинап, қазақ шоу бизнесіндегі тұңғыш рекордсмен атанды!
Әншінің өзі тректің хит боларына бір сәтке де шүбә келтірмеген. Өйткені, бейнебаян алғашқы күннен-ақ миллиондаған меломанның көңілінен шыққан-ды.
Ерке Есмахан – әнші
- «Қайда» біріншісінде 5 күннің ішінде миллион жинап, рекорд жасаған. Ал, «КZ жігіт» одан асып түсті. Екі күннің ішінде миллион жинап, рекорд жасады.
Бұл платформадағы рекордын әнші асыға күткен сынды. Себебі, сылқым сүйінші жаңалығын бірінші болып өзі жеке парақшасында жеткізді.
Айта кету керек, «YouTube» видеохостингінде Ерке Есмаханнан қалыс қалмай келе жатқан «Азия» тобы мен «Бақайлықтар» бар. Олардың «Опмай, Опмай» туындысы он айдың ішінде 54 млн қаралым жинағанын ескерсек, 2-жылда Еркенің рекордын жаңартып қалуы әбден мүмкін.
Тек «Азия» мен «Бақай» жігіттерін өнердегі бауырлары Райым мен Артур басып озбаса. Қазірдің өзінде бұл жігіттердің «Дискотека 90», «Симпа» атты қос туындысы да қаралымымен қалыс қалып тұрған жоқ.
90-шы жылдардың Дискотекасы 52 миллион рет көрілсе, «Симпа» бейнебаяны жарты жылда 32 млн қаралым жинап отыр.