Бүгінгі әртіс біткеннің өмірін инстаграмсыз елестету мүмкін емес. «Ұшып бара жатырмын», «Қондым», «Суық екен тоңдым» деген сынды жазбалардан көз сүрінеді. Бірақ, Роза Рымбаева өзін бұл қатарға қосқысы жоқ. Әр адымын атойлатып отыратындарды түсінбеймін дейді Халық әртісі. Өзі басқан қадамын даңғаза қылудан аулақ екенін айтады.
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
- Менің жеке өмірім кімге керек ол?! Шығармашылығым керек емес пе елге?
Халық әртісі 367 мың фолловері бар инстаграмын өзі жүргізбейді. Тіпті, қандай посттар мен суреттер салынатынын, әншінің әкімгері шешеді екен.
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
– Менің директорым жүргізеді. Жалпы, менің сол концерттегі, сахнадағы жұмыстарымды, қай оркестрмен жұмыс жасап жатқанымды салады көбінесе. Сондай информация беріп отырамыз.
Желіге желікпейтіндердің қатарында Нұрлан Абдуллин де бар. Әнші инстаграмның не екенін білмейтін болып шықты. Тіпті тіркелмегенде...
Нұрлан Абдуллин, әнші:
-Бұрынғы заманның адамдарымыз ба, тәрбиеміз сондай ма... Ол инстаграм деген нәрсе тұра салып: анда кетіп бара жатырмын, мына тамақты жеп отырмын, ана жерде отырмын, мынау менің қасымда отыр деп... Білмеймін енді ондай заттарды жақтырмаймын. Қыз балаларға жарасатын сияқты. Енді еркектерге...
Ал, «Ринголық» Әділжан Умаров «Желіге жіпсіз байландым» дейді. Телефонға телміремін деп, күннің қалай өтіп кеткенін байқамайтын жағдайға жетіпті. Өзінің осы ісінен опық жеген әнші смартфонына интернеттен шектейтін арнайы қосымша да орнатқан.
Әділжан Омаров, әнші:
- Бір уақыттары қарасам енді инстаграм дегенге 4-5 сағатым кеткен екен. Ол жерде сонша уақыт не істеймін деп, лимит деген нәрсе қойып қойдым. 1 сағат күніне.
Әлеуметтік желіге аса әуселесі аумайтын бүгінгі үштік, әріптестеріне де телефоннан тыйылуға кеңес береді. Бірақ инстаграм - көп жұлдыздың табыс көзіне айналып отырғанын ескерсек, «майлы шелпектен» бас тарта қоятындардың саны азая қоймайтыны анық.