Қос хитменнің бұл әрекетінің астарында не жатыр?
Қайрат пен Төреғалидің әндері де, әңгімелері де хит. Әлеуметтік желіде екеуінің аудиториясы ауқымды. Жалпы қосқанда, 7 жарым млн-нан асып жығылады.
Сұраныстағы серілер екені айтылмаса да түсінікті. Сондықтан болар, көпшілік оларды бәсекелес деп біледі. Тіпті, «Ұлы дала баласы» КН-ның «калькасы» дейтіндер де бар. Ал, қос хитмен әрдайым көпшілікке араларында достықтан өзге пиғылдың жоқтығын дәлелдеп әлек.
Қайрат Алматыға ат басын бұрса Төрешке, Төреғали Нұр-Сұлтанға сапарлатып келсе, Нұртасұлына қонақ болып жүреді. Сондай кездесулерінің бірінде әншілер құда болуға ниет білдірген.
Расымен де Қайраттың кенже ұлы Хан мен Төрештің Тоғжан есімді қызы қатты ұқсас. Сөйлеген сөзі мен әрбір қылығы бір-бірінен аумайды. Отағалары осыны ескерді ме, әлде достықтарының мың жылдық болуын қалады ма, әйтеуір бесік құда болуға уағдаласты.
Альбина Асхатқызы, журналист:
-Екі құданың ортасында тұрмын. Сіздердің құда болайын деп жатқандарыңызды естіп қалдым. Әсіресе, Төреғали сіздің стористарыңызды көріп қалдым.
Төреғали Төреәлі, әнші:
-Иә, менде көріп қалдым... сонда болдым ғой. Алла қаласа қыс болады, жаз болады. Егер Алла қаласа неге құда болмасқа?
Олар әрдайым ескі достардай сағынысып көріседі. Сыр ақтарысып, жиі шүйіркелесіп тұратындарын мойындайды.
Төреғали Төреәлі, әнші
- Сағынғанда сағындым деймін, көрген кезде қуанышты екенімді айтам.
Қайрат Нұртас, әнші
-Іні бауырлар әрқашанда бір-бірін сағынып тұру керек. + Қалай сағынбаймыз бір-бірімізді. Жүрек болғаннан кейін сағынамыз. Әр қазақ біздің жалғызымыз.
Осы ізгі достық ұзағынан болсын деген ниеттері, мың жылдық құда болу ойын тудырса керек. Құдаласу – қарым-қатынасымыздың одан әрі беки түсуінің кепілі дейді хитмендер.