Нұрсұлтан Есжан, тілші:
- Елімізде екінші рет ұйымдастырылған Almaty Film Festival өз мәресіне жетті! Сонымен, кіл жүйріктің ішінен «үздік киногер» атанған кім? Ал, айтулы шараға келген шетелдік беделді режиссерлар отандық киногерлермен серіктестік орната алды ма?
Шараның жабылу салтанатында, фестиваль президенті Ақан Сатаев алғашқы жүлдені өз қолымен табыстауды жөн көрді. Британдық режиссер Хью Хадсонның марапаттар коллекциясы енді «Оскардан» өзге, «Almaty Film Festival» жүлдесімен толықты.
Almaty Film Festival-де сексизмге жол жоқ! Керісінше, бұл сайыста кинодағы нәзік жандыларға ерек құрмет көрсетіледі. Мәселен ЮНЕСКО-ның шешімімен, деректі фильм секциясы бойынша, Яссмин Малекнаср «Жібек жолы әйелдері» атты лентасымен оқ бойы озық шықты.
Яссмин Малекнаср, режиссер (Иран):
- Шынымды айтсам, жүлделі болып қайтамын деп еш ойламадым. Байқағандарыңыздай, салтанатқа сай киініп те келмегем. Осы аталым бойынша жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын.
Ал, үздік режиссер аталымы тағы бір ару – Марям Тузаниге «Адам» картинасы үшін бұйырды.
12 фильмнің ішінен оза жауып, Самал Еслямова бастаған қазылар алқасының көңілінен шыққан «Да будет свет» лентасы болды. Режиссер Марко Шкоптың бұл туындысы гран-при иегері.
Алайда, өкінішке қарай, бас жүлде иегері салтанатты шараға қатыса алмады.
Есесіне, бұл кеште шетелден келген өзге киногерлердің қарасы мол.
Адиз Раджабов, актер (Өзбекстан):
- Almaty Film Festival-ге Өзбекстаннан, аталмыш елдің әйгілі актерлерінің бірі Адиз Раджабов келген екен, Адиз, қош келдіңіз!
- Ассалаумағалейкум! Рахмет. Бүгінгі фестиваль жас болғанына қарамастан, ұйымдастырылуының аса жоғарғы деңгейі таңқалдырды. Мен мұнда жапондық картинаның атынан келіп отырмын.
- Жапондық фильм қалай аталады және сол туралы айтып берсеңіз?
- «Фильм саяхаттың соңы, әлемнің басы» деп аталады. Режиссері Киёси Куросава. Ол Өзбекстанның қалаларында түсірілді. Мен онда аудармашы-гидтың рөліндемін.
Жүлделер табысталды, бас жеңімпаз анықталды! Алты күнге созылған киномерекеден соң, фестиваль президенті Ақан Сатаев, иығынан ауыр жүк түскендей күйде екенін жасырмады.
Ақан Сатаев, режиссер:
– Ақан аға, бір апта зу етіп өте шықты. 80 фильм көрсетілді. Жалпы көңіл-күйіңіз қалай? Бәрі ойдағыдай өтті ме?
- Меніңше, шараны ойдағыдай өткізу қолдан келген сияқты. Себебі, дәл қазір көрермен мен қонақтардан жақсы пікірлер естудеміз. Бұл бізді шабыттаныдырады.
- Шетелдік киногерлермен серіктестік орнату бұл фестивальдің мақсаты. Серіктестік орната алдыңыздар ма?
- Болашақта үлкен жобалар іске асады деп үміттенемін. Себебі, фестивальге келген қонақтар, шетелдік режиссерлар қазақ киносымен танысып кетті. Еліміз де оларға ұнағандай.
Сатаев мырза нақты қандай серіктестіктер орнатылғандығын әзірге құпияда ұстауда. Есесіне, бұл фестиваль отандық киносаласының өкілдері үшін жемісті болған көрінеді.
Гүлназ Жоланова, актриса:
– Жалпы Almaty Film Festival-і саған не берді? – Өте жақсы, кино саласының мамандарымен таныстым. Біріншіден, танысулар, екіншіден тәжірибе алмасу болды жақсы. Ресей елінен Елизавета Шмакова атты кастинг директор келді, соның 1 күндік мастер классы болды, таңертеңнен кешке дейін кинопробада, самопробада қалай түсіру керектігін үйрендік.
Қарлығаш Мұхамеджанова, актриса:
-Меніңше бұл жылына бір-ақ рет келетін мүмкіндік. Шетелдік киногерлерден сабақ алып, жаңа білімге ие болу.