Бұл жолы әдеттегідей жеңіл комедия емес, бүгінгі күннің ең өзекті әлеуметтік мәселесі арқау болған драма.
«Дети солнца» лентасы жас режиссер Нияз Әбдіғапардың толықметрлі үшінші туындысы. Фильм сал ауруы, аутизм және даун синдромы сынды ауыр дертке шалдыққан балақайлардың тағдырына негізделген. Шынайы оқиғаны баяндайтын фильмде Шәріп Серік, Азиз Бишеналиев және Нияздың өзі бас кейіпкерлерді сомдаған.
Шәріп Серік, актер:
- Бізде,көп адамдар, кино түсіріп байып кеткісі келеді ғой. Халыққа танымал болғысы келеді. Дегенмен де, бұндай кинолар керек. Бізде жалпы проблемалар көп.
Төрт бірдей тағдыр тоғысқан картинада Шәріп Серік ауру бауырына шипа іздеп, жанын салып жүрген құрылысшының ролін сомдайды. Ал, Азиз Бишеналиев аутист-дәрігердің образында. Режиссер Нияздың айтуынша, басты мақсат - көрерменге ой салу.
Нияз Әдбіғапар, режиссёр:
- Әрине, комедия көрерменге өтімді. Дегенмен, күрделі жанрдағы картиналарды да керек ететін жандар жетерлік. Прокатта табысты болады деп айта алмаймын. Дегенмен, біздің фильмді асыға күткен көрермен қатары мол болса деген тілегім бар. Шынайы оқиғаға негізделгендіктен, қызығушылық тудыратын шығар.
Ерден Телемісов, актер, каскадер:
-Дәл осындай оғиғалар тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде өзекті. Біз сияқты дені сау, баршылықта өмір сүретін адамдар, ерекше жаратылған балалар жайлы ұмытпау қажет. Қолдан келгенше көмектесуге міндеттіміз. Біз оны кино арқылы жеткізсек те, оның да үлесі зор.
Ал, туындыдан түскен қаражаттың жартысы қайырымдылыққа жұмсалады. Ерекше балалар жайлы драма, 19-шы қыркүйектен бастап үлкен экрандарда.