«Балам – балым, немерем жаным» деп 40 жасынан әже атанған танымал тұлғалар кімдер? Олардың көшін немере санымен өзгелерден оқ бойы озық тұрған Гүлзира Айдарбекова бастайды. Үш ұлдан кейін қылықты қызды армандаған продюсер Қайрат пен Жұлдыздың қос аруын меншіктеп алған.
Гүлзира Айдарбекова, продюсер:
-Алау маған тиесілі болды. Өзім бауырыма басып, Қайрат пен Жұлдыздан қызғанып, бір жаққа кетіп қалса алып қалып... Менің иісім сіңсін деп, түнімен қасыма алып жататынмын.
Әжелік қызғанышы әлі де басыла қоймаған Гүлзира ханымның Қайраттан Алау, Сезім, Нарұл, Хан есімді, ал Аян ұлынан Ақмөр атты 5 немересі бар.
Гүлзира Айдарбекова, продюсер:
- Алау ол өзім сияқты. Алқынып-жұлқынып тұр. Көздерінен от шашып тұр.Егер ән айтып билеген кезде шет елдің Бейонсе бар ғой, ол Қазақстанның Бейонсе болады деп ойлаймын.
Шетелге саяхаттаса жанынан жалғыз немересін бір елі тастамайтын жан - Гүлнұр Мамасарипова! Көпшілік оны рейтингі жоғары жоба жасаушы, түрлі телехикаялардың авторы ретінде таниды. Алты жастағы Аяланың көңілін табуда аянып қалмайтынын талай дәлелдегенді.
Ең қымбат брендттердің киімдерін әперіп, немересі үшін қаражат жаратуда алдына жан салмайды.
Ерекше сезімге бөленгенімен, немерелерін әлі де бауырына баса алмай жүрген танымал тұлға – тележүргізуші Салтанат Қалиева болып шықты.
Салтанат Қалиева, тележүргізуші:
-Өзімді кереметтей әже екенімді сезініп жатқан жоқпын. Ұлдарым әлі кішкентай, қызым Қызылордада тұрады. Жиі көрмейміз.
Жиен немерелерінің кенжесі Сафия нағашыларына жақын көрінеді. Сонда да, қызы төркіндетіп келсе, қос немеремнің «қалауын табу үшін қар жандыруға» әзірмін деп отыр тележүргізуші.
Салтанат Қалиева, тележүргізуші:
-Төркіндетіп анда-санда келеді, күйеубаламыз қаталдау ол жағынан, қонуға рұқсат бермейді.
Енді тележүргізуші туған немересін бауырына басу үшін, 9-11 жастағы ұлдарының ержеткенін күтуде.