Киносүйер қауым Венеция фестивалін «Джокер» картинасы үшін тағатсыздана тосты десек, артық болмас. Тіпті, психологиялық триллердің тұсаукесеріне Кэйт Бланшеттің өзі келген еді.
Қызыл кілемде қонақтар көп болғанмен, халықтың назары Хоакин Фениксте болды. Актердің күні кеше өзгеріске түскен дене пішімі мен бүгінгі мінсіз мүсіні көпке талқы. Еске салсақ, өнер иесі «Джокер» атану үшін сырт келбетіне қатысты түрлі өзгеріске барған.
Хоакин Феникс, актер:
- Режиссерім Тодд Филипспен түсірілімге жарты жыл қалғанда, «Джокер «қандай болуы керек, қалай күлуі керек, барлығын анықтап алдық. Осы рөл үшін 24 келі салмақ тастадым. Тіпті, соның нәтижесінде психологиялық жағдайым нашарлап кетті.
Хоакиннің бұл жанкештілігі еш кетпегендей, «Джокер»-ді фестивальде тамашалаған қазылар алқасы 8 минут бойы шапалақ соғып, қошаметін аямады.
Тодд Филипс, режисер:
-8 ай бойы бас кейіпкерді зерттедік десем де болады. Артур күн сайын өзгеріп отырды. Психологиялық туынды болған соң, оның жан дүниесіне тереңірек үңілгіміз келді.
Еске салсақ, аталмыш лента «DS Comic» кейіпкері «Джокерге» арналған алғашқы толықметрлі картина саналады. Ондағы Хоакиннің актерлік шеберлігі киносыншыларға ұнағаны сонша, оның ойыны «Оскарға» лайық деп отыр. Ал, аталмыш лентаның өзі қазан айында көрерменге жол тартпақ.