Асхат Рысбеков a.k.a V $ X V PRiNCE жыл сайын гастрольдік сапар жасап, тыңдармандарын қуантатын әртістер тізімінде. Осы жылы рэпер «Вкусный тур» атауын таңдаған. Оған себеп – жазда жарық көрген «Вкусный» үнтаспасы. Музыкалық жинақ 13 трек және интро мен аутродан құралған. Музыкант биыл 8 қаланы аралап, қорытынды концерті – Алматыда өткізді.
Диас Бейбітұлы, жүргізуші:
– Ассалаумағалейкум құрметті НТК көрермендері. Бүгін бізде «Вкусный тур». Асха деген өзі Алматыда тұрады ғой. Алматыдан. И Алматы туралы өте көп өлең айтады. Өте көп тексттарда Алматыны упоминать етеді. Сондықтан, ол ерекше, біз үйдеміз.
V $ X V PRiNCE пен De Lacure фитінің жанкүйерлері үшін қуанышты жаңалық бар. Қос рэпер көптен күткен релиздерін жоспарлауда.
De Lacure, рэпер:
– Бүгінгі кеш жайлы. Өзіміздің әдеттегі плейлистті орындаймыз. Осы жылы соңғы рет. Сосын келесі жылы альбоммен шығамыз. Жуырда альбом.
Қонақтар тізімінде стилімен ерекшеленетін Кисло-Сладкий де болды. Ол рэптегі ағасына тілек білдіріп қана қоймай, сахнада коллаборация жасады. Кіммен деген сұрақ туындауы анық. Қарсы алыңыздар... Kalifarniya!
– Асхат бауырым, сені жақсы көремін.Осы турға қатысу мүмкіндігі үшін рақмет. Залдағы адамдардың барлығы сен үшін келді. Енді келесі жылы сен менің жеке концертімде өнер көрсеткеніңді қалаймын.
Концертте Мирас Жүгінісов зымыранымен әндетті. Осылайша, рэп индустриясындағы жарық жұлдыздың концертінде лирика әлемінің хитмэні өнер көрсетті. Ырғақты тректерге шайқалып билеп тұрған тыңдармандар бір-ақ сәтте баяу атмосфераға бөленді.
Өкінішке орай, шақырылған қонақтардың барлығы сахнаға шыққан жоқ. 6ELLUCCI тобы «Дәмді» -турдың Бішкектегі концертіне бара жатқанда жол апатына түскен. Алынған дене жарақаттарына байланысты жігіттер өнер көрсете алмады. Тезірек сауығып кетулеріңізге тілектеспіз.
Диас Бейбітұлы, жүргізуші:
– V $ X V PRiNCE – ол тренд. Қандай жағдай болмасын оның тректері әрдайым сұраныста. Кез-келген туындысы бірден шықса да, 1 жылдан кейін шықса да өтімді.
Дәстүр бойынша, V $ X V PRiNCE ұлдарын сахнаға алып шықты. Алматының қақ төріндегі жанкүйерлерге толы зал, Алматыға арналып жазылған «Big City Life» және естен кетпес кешін арнады.
De Lacure, рэпер:
– Принцтың шығармашылығы 100 пайыз жүректен жүрекке жетеді. НТК-ның көрермендеріне сәлем! Үйлеріңізге береке, шаңырақтарыңызға мереке тілеймін. Концертке келгендеріңізге рақмет.