Қазына Әбдіғапбар @kazyna_abdigapbar:
«SHEKER»-лік Алдик пен Кана араға 3 жыл салып қайта табысты! Бірақ бұл жолы толықметрде! Трендттен түспеген туындының жалғасы қандай болмақ? Азат Жұмаділдің шекер өмірі осымен тәмәм ба? Бірге білеміз.
– Құтты болсын. Енді ұзақ күттіңдер ме? Туынды осындай толықметрге дейін жетеді деп?
Аңсар Ілиясов, актер:
– Біраз күттік , иә, шыныменде.
2020 жылы көрерменге тарту етілген «SHEKER» сериалы көптің назарын өзіне бірден аударды. Ондағы есірткіге құмарлық, тәуелділік пен ашық сахналары бір жағынан қатаң сыналса, екінші жағынан қоғамда белең алған оқиғаның ащы шындық екені мойындалды. Сондықтан да болар жоба екі маусым жалғасып, өз көрерменін тапты. Ал бүгін оқиғаға нүкте қойылмақ! Бұл жауапты іс – режиссер Дархан Төлегеновге бұйырған.
Дархан Төлегенов, режиссер:
– Мен алдыңғы маусымдарын түсірмегендіктен, маған бәрін әдемі түйіндеу керек болды. Жауапкершілікті сезіндім. Шынында өте ауыр тақырып, бұл қылмыспен темір торда тоғылған жастар легі көп. Нүктені дұрыс қоя алдым деп үміттенемін.
– Азат өзінің бізге берген сұқбатында түсірілім барысында қатты депрессияға түсіп кеткенін, тіпті кейбір түсірілімдер срыв болғанын да айтқан еді. Бірақ ашып не себепті екенін айтпады. Мүмкін сіз білерсіз?
Дархан Төлегенов, режиссер:
– Жоқ, мен білмеймін. Мен оны айта алмаймын. Біз онымен көп сырластық. Фильмдегі дәретханадағы сахналар өте қиын түсірілді. Ұзақ сөйлесіп, кейіпкерге, оның сол кездегі күйіне екіжақты анализ жасадық. Кейіннен Азатпен достасып кеттік.
Азат Жұмаділ 4 жылдан бері кейіпкері Алдиктің өмірімен сүріп, енді онымен қоштасуға нақты дайын екенін айтты. Актер, 7 қарашадан бастап прокатқа шығатын картина ел есінде қалып, жастарға ой салатынына сенімді.
Азат Жұмаділ, актер:
– Ең басты экшн сахна Тайландта болды. Қиын болды. Бір күн бойы түсірдік 2 минуттық сахнаны, қазір көріп бағасын беріңіздер.
Аңсар Ілиясов, актер:
– Талай қызық болды. Талай қызық көрдік біз. Қиындықтардан маған ота жасаған съемканың алдында, сол содан кейін восстоновление қиын болғанда, енді бүгін көреміз қалай шыққанын.
– Сүйісу сахналары бар, коннект қалай орнады?
Шұғыла Ешенова, актриса:
– Мен оқыдым, осы жылы бітірдім биыл. Оқуды тәмәмдап, қазір театрда жұмыс істеп жатырмын.
– Трейлерден байқап қалдық әдемі махаббат сахналарың бар екен.
– Менің партнерларым өте ыңғайлы, комфортики все. Вот. Қиындығы да болды әрине, бірақ қызық.
– Қандай қиындық?
– Оны айтпай-ақ қояйыншы енді ...
Экшн драманың төбелес сахналарын көпшілікке «MEОW» жобасы арқылы танылған актер әрі каскадер Роберт Кун қойған.
Роберт Кун, экшн сахналардың қоюшы-режиссері:
– Азатпен тікелей экшн сахналар көп болды. Ол барлық трюктерді өзі жасады. Азатпен бірінші жобам болғандықтан мен оның талантына, табандылығы мен кәсібилігіне таң қалдым.
Сөз соңында Роберт «MEОW» және «SHEKER» кейіпкерлері бірлескен туынды күтуге болатынын айтып қызықтырып қойды.
Роберт Кун, экшн сахналардың қоюшы-режиссері:
– «НТК» арнасында Мияу мен Шекердің актерларын бірлестіріп эксперимент ретінде коллаб ұсынып едік, көрермен жақсы қабылдаған секілді. Мүмкін екі жобаны қосып, жақсы туынды ұсынармыз. Бәрі уақыт пен продюсерлердің еншісінде.