Алғаш болып сахна төрін қыздырған: Женя Лизогуб, Милана Некрасова мен Лера Симка. Олар «По фазам» әнін шырқады. Женя «Эщ, эщ», «Покажи мне» тректері арқылы танымал.
Женя Лизогуб, тиктокер:
- Жол жүру оңай болған жоқ. Таңғы 7-де келдік. Қонақ үйге жүктерімізді тастап, дайындыққа кеттік. Тіпті ұйықтап үлгермедік. Қысқасы, ерте кетіп, кеш қайтып жүрміз. Әлі қаланы араламадық.
Ал Милана Некрасова ютуб блогтары, ерекше тикток контенттері арқылы әйгілі.
Милана Некрасова, тиктокер:
- Жазғы демалыста осында бір аптаға немесе 5-6 күнге демалуға келсем деймін. Себебі адамдары, табиғаты мен таулары қатты ұнап қалды.
Алматыға алғаш келген Лера Симка болса, біздің тағамдарымызға асқан қызығушылық танытты. Лера: сіздердің құрттарыңызды, қаймақтарыңыз бен бауырсақтарыңызды жеп көргім келеді,-дейді.
Лера Симка, тиктокер:
- Сіздерің сырты көк «Қазақстан» деген шоколадтарыңызды жеп көргім келеді. Себебі бәрі мақтайды ғой. Содан кейін өзіме де қызық болып кетті.
Ютуб хостингінде 8 миллионға тарта оқырманы бар Милана Хаметова «Тикток фестке» тыңғылықты дайындалғанын айтады.
Милана Хаметова, модель, әнші, тиктокер:
- Бүгін сахнада: «Умка», «ЛП», «Краш», «Бэнгер алфавит» сынды тректерімді орындаймын. Жалпы саны 7-8 ән болады. Былайша айтқанда, мини кеш жасаймын.
Полиді Алматылық жұртшылық жылы қарсы алды. Әсіресе «Мама», «Зомби» әндері басталғанда, бәрін билетті. Әнші қазақстандық бір әртіспен коллаб жасағысы келетінін де айтып қалды.
Poli, әнші:
- Қазақстандық танымалдардан Сей Моны танимын. Егер бірге билеп, коллаб жасасақ күшті болар еді. Бұрын инстаграмда мені оқитын. Би қимылдарын үйреніп, жарыстарыма қатысатын.
«Тикток фесттің» жылдағы, тұрақты қонақтарының бірі – Егор Шип. Егордың сахнаға шыққаны сол-ақ, соғылған шапалақ жаңғырыққа жалғасты.
Егор Шип, әнші:
- Концерттен кейін мені белгілеп, видео жүктеген жанкүйерлерді көргенде үлкен фидбектің барын байқадым. Тыңдарман өте жылы қабылдады. Бәрі рақмет!