«Алматы жартылай марафонында» қатысушыларға қандай сыйлықтар табысталды?

Сообщить о проблеме с эфиром

«Алматы жартылай марафонының» ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. 2024 жылғы бәйгеде бақ сынаған қатысушылар саны 8 мыңға жетті. Бұл жолы қазақстандықтар Ұлыбритания, Қытай, Жапония, Швеция, Еуропа елдерінен арнайы келген желаяқтармен жарыс жолағында жолықты.

Салтанат Қазыбаева, race-director «Almaty marathon»:

- Алматы жартылай марафонының нарыққа енгеніне – 13 жыл. Осы жолы 30 мемлекет қатысады. Олар тек сайыс үшін емес, Қазақстанды көруге, біздің Алматыда саяхаттауға келеді.

Атап өтуіміз керек, «Алматы жартылай марафоны» аясында тұңғыш рет «Virtus» Әлем Чемпионаты өтті.

Салтанат Қазыбаева, race-director «Almaty marathon»:

- Осы жолы біздің жартылай марафон аясында Virtus Әлем Чемпионаты жүріп жатыр. Яғни, интеллектуалды ақауы бар жандар 10 шақырым қашықтыққа жүгіруі керек. Бұл кезеңде 26 қатысушы бағын сынайды. Олар Швеция, Португалия, Испания, Жапония, Гонконг секілді елдерден арнайы келді.

«Алматы жартылай марафоны» қатысушыларын төсбелгімен ғана емес, арнайы сый-сыйапаттармен де қуантты.

Валихан Тен, «Бірінші болу батылдық» КҚ Қамқорлық кеңесінің мүшесі:

- Бірінші боп келген қатысушыларға әртүрлі сыйлықтар беріледі. Мысалы, спорттық киімдер, тағамдар, техникалық тартулар және ақшалай жүлде. Бірақ марафоншылар үшін ең маңыздысы – финишке жеткенде тағылатын медаль. Кәсіпқой спортшылар да, әуесқой қатысушылар да бұл сыйлықтарды жеңіп алу үшін емес, ерекше естелік үшін барын салып жаттығатыны бізді қуантады.

Желаяқтарға 10 және 21 шақырым қашықтықты жүгіріп өту оңайға соқпады. Межелі нүктеге жету жолында кідіріп қалғандар да, ентігіп дем алғандар да бар. Десе де, марафоншылар берілмей, бар күш-қайратын жинап, финишке жетті. Айта кетейік, қатысушылардың қауіпсіздігі үшін арнайы сақтық шаралары қарастырылған.

Салтанат Қазыбаева, race-director «Almaty marathon»:

- Біз үшін қатысушылардың қауіпсіздігі маңызды. Жедел жәрдем көліктері де осында. Егер спортшы өзін жайсыз сезінсе, оған арнайы көмек көрсетіледі.

Межеге жетіп, арнайы төсбелгіге қол жеткізген қатысушылардың қуанышында шек болмады. Спортқа жаны құмар жандарды алыс жол шаршата қоймады.

Цзян Вэй, «Almaty half marathon» қатысушысы:

- Марафон біз үшін жай ғана спорт емес, бұл – өмір. Қытай мен Қазақстан арасындағы достық жолында жүгірдік деп айтуға болады. Мұндай жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын.

Айдос Төлеков, «Almaty half marathon» қатысушысы:

- Марафон өте қатты ұнады. Енді Алматы марафоны әрқашан да өзінің деңгейінде жақсы өтеді. Біз қуаныштымыз қатысқанымызға.

Біздің телеарна қызметкерлері де биылғы марафонды қалт жібермей, 10 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Олардың ендігі мақсаты – келесі жылғы сайыста бірінші боп межеден асу.

Мадина Дәулетқызы, НТК-ның атқарушы продюсері:

- Бізге аса қиын болған жоқ. Өте қуаныштымыз. Болашақта тағы қатысамыз деп ниеттеніп отырмыз. Жалпы НТК арнасы спортты қолдайды, яғни осындай шараларды қолдайды, біздің арна әрдайым спортқа жақын.