«Пейіш»! Аталмыш фильм әлеуметтік платформаларда мейнстримге айналып кетті.

Сообщить о проблеме с эфиром

Айдана Шалқар, @aiudna

Қазақстан мен Қырғызстан киногерлерінен коллаборация! Қос ел бірігіп таспалаған «Пейіш: Жұмақ ананың табанының астында» картинасы отандық прокатқа енді. Бүгін жабық көрсетілімдеміз.

Анасының арманын ақиқатқа айналдырам деп табанынан таусылған перзент. «Баламның өмірі қор болмаса екен» деп науқас ұлы үшін жанын шүберекке түйген кейуана. Бұл – қырғызстандық режиссер Руслан Акунның тың туындысы.

Анаркүл Назаркулова, актриса:

- Кейіпкерім – адамгершілігі биік, қайтпас қайсар жан. Оның баласына деген махаббаты берік болмаса соңына дейін жете алмас еді. Фильмнің прокатқа енгеніне аз ғана уақыт болса да, көшеде көріп қалған жұрт алғысын білдіріп жатады. Соған қарағанда, біз режиссердың түпкі мақсатын, ана мен баланың риясыз махаббатын көрерменге жеткізе алған сияқтымыз.

Өзбекстан. Қазақстан. Әзірбайжан. Түркия. Сирия, Сауд Арабиясы. Айта кетейік, картина алты мемлекетте таспаланған. Әр елмен келіссөз жүргізу де оңайға соқпаған. Сәйкесінше, киногерлер фильм таспалауға 500 миллион теңге қаражат жұмсаған.

Саламат Исабаев, кинопродюсер:

- Қырғыз ағайын бірінші Өзбекстанға барып түсірген. Өзбекстаннан Қазақстанға кірген кезде олар толық команда, мынау обуродованиелермен кірген да. Толтырған кезде транзит дұрыс толтырылмай қалған. Қазақстанға кіру жағы дұрыс емес болып, нейтральный зонада 2 күн тұрып қалды. Бірақ Аллаға шүкір Қазақстанға через Сарыағаш арқылы Түркістанға кіргізіп алдық.

«Пейіш» картинасының Қазақстанда түсірілген бөлігінде Дулыға Ақмолда төбе көрсетеді. Актер Түркістандағы беделді қонақүйдің басшысының рөлінде. Алғашында ол тығыз жұмыс кестесіне байланысты туындыға түсуден бас тартқан екен.

Саламат Исабаев, кинопродюсер:

- Басында біз ұсыныс жасаған кезде ол кісінің уақыты жоқ екен. Содан кейін жомарттық танытып, қазақ ағайынына сөз тиіп кетпесін, актерларына сөз тиіп кетпесін деп, қырғыз ағайындарды біз қолдаймыз деп бірден келісім берді. Жарты сағаттан кейін айтты. Ол кісі тегін түсіп берді бізге.

Әлеуметтік желіде мейнстримге айналған толықметрді тамашалауға келген жұрттың қарасы көп. Тіпті ресейлік блогер Гусейн Гасанов та премьерада бой көрсетті. Оны Мәскеуден шақырған – ННН болып шықты.

Гусейн Гасанов, блогер «Ресей»

- Достарым фильмнің трейлерін жіберді. Бірнеше рет қарап шықтым. Бүгін анамды да әкелгім келді, бірақ сәті түспеді. Картинадағы ана мен баланың арасындағы байланыс ерекше әсер қалдырды.

Көрерменнің көзіне еріксіз жас келетінін білген киногерлер арнайы қағаз майлық таратты. Сәйкесінше, киноны көріп, жылап қалған жұлдыздар да табылды.

Тәуекел Мүсілім, актер:

- Келіншегім кино қалай басталды, содан бастап жылап соңына дейін енді біраз көз жасын төкті, әйел адамдарға өте ұнайды деп ойлаймын. Ер адамдарға да әрине. Бұл негізі анаңмен деген қарым-қатынас, осы тақырып өте қатты көтеріледі.

- Анаңыз үшін қандай үлкен тәуекелдерге баратын едіңіз?

Әсел Асқар, актриса:

- Барымды да, нарымды да бәрін мамама жасаймын. Менің оқырмандарым да өздері біледі, көреді, оған тамсанады, поэтому бұл кино өзіме сол себепті маған сюжеті жақын да, ұнайды маған. Кейбір кезде анамды ренжітіп алам, сондай кездер болады, бірақ мамам дана адам болғаннан кейін кешіреді, өте мейірімді сондай.

Айдана Шалқар, @aiudna

Айыр қалпақты ағайынмен таспалаған туынды көрерменнің көңілінен шыға ма? Киномандар картинаға қандай баға бермек? Бокс-офис анықтайды.