«Revue news» - бренд! Себебі, бағдарлама тек шынайы, актуалды шоу-бизнес жаңалықтарын жеткізу үшін 20 жылға жуық уақыттан бері қызмет етеді. Журналистер 24/7 ақпарат алаңында. Әлемдік жұлдыздармен сұқбат жазып, еліміздегі ең ауқымды шараларда жүреді.
Анар Батырхан, «Revue news» жобасының жүргізушісі:
– Камерадан тыс қаншама қыздар, жігіттер жұмыс істеп жатыр. Біз сол еңбекті жеткіземіз. Сол үшін тек қана біз емес, жалпы ревю бағдарламасының ұжымын біз қатты жақсы көреміз.
Күз – ауқымды телехикаяларға толы. НТК-ның маңызды жобаларының бірі - «Мошенники». 11 түрлі кейіпкер бір миссия үшін бірігеді. Ол – қарапайым халықты алдап, тонау. Телехикая шынайы оқиғаларға негізделген. Ал, бұл кейстер мен фактілерді құқық қорғаушылардың өздері сериал авторларының қолдарына табыстаған.
Бүгінгінің ең өзікті тақырыбы - есірткі бизнесінің барлық көлеңкелі тұсын айқын көрсететін тағы бір сериал эфирге әзір. Жұмыс атауы - «Закладчики»! Оқиға шынайы өмірден алынған. Туынды мефедрон сататындармен күреспек болған үш дос жайлы. Бұрынғы спортшылар есірткі закладчиктерін жазайлаймыз деп жүріп, өздері де нашақорлық тырнағына ілігіп қалады.
«Түнде атылған оқ» телехикаясының премьерасы да осы күзде. Детектив жанрындағы сериалға – Кемел Тоқаевтың зерттеулері мен повестері арқау болған. Жаңа жобаны бір емес төрт бірдей режиссер түсіріп жатыр. Осылайша команда алғаш рет американдық жүйемен жұмыс істеп көрмек. Мұнда көрермен 50-60 жылдарға еніп, сол кезеңдердегі криманалды оқиғалардың куәгері болады.
Ұзақ жылдар бойы эфирден түспеген «Такси» бағдарламасында да жаңалық көп. Көрермен сұрауымен түсірілім тобы Қазақстан қалаларын аралап жүр. Күзде Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен, Семейге жол тартады.
Мұрат Оспанов, «Такси» бағдарламасының жүргізушісі:
- Бізді өте жақсы күтіп алды. Артымыздан жүріп отырып, суретке де түскендер болды. Қолдарын бұлғап, сигнал басып, сыртымыздан видеоға түсіріп дегендей. Тіпті Қарағандыда біздің көлікті сыртынан түсіріп алып, инстаграмына: «Мұрат Оспанов деген адам расымен бар екен»,-деп сторис салыпты.
Көрермен көңілінен орын тауып үлгерген «Ozmz ғой» бағдарламасы қайта эфирде. Жобаның жаңа маусымдағы жүргізушілері стендаперлер – Жансая Мұратбекова мен Ғалымжан Жанықұлов.
Жансая Мұратбекова, «Ozmz ғой» жобасының жүргізушісі:
– Негізі жүргізуші ретінде телевидениеде алғашқы жобам. Алғашқы жұмысым десем де болады. Былай енді барлық жобаларға қонақ ретінде шақырылған болатынмын. Бірақ мынау өте өзгеше болып тұр дәл қазір.
«Ozmz ғой» – 8 қыркүйектен бастап эфирге жол тартады. Алғашқы қонағы – Жаһан Ортағалиев. Актер барлық эксклюзивті жаңалықтарын «Ozmz ғой» эфирінде айтпақ. Жансайка мен Галаның ұтымды тандеміне де куә боласыз.
Ғалымжан Жанықұлов, «Ozmz ғой» жобасының жүргізушісі:
– Ешқандай қобалжу жоқ.Біз университет кезінен бастап біргеміз ғой. Біз бір бірімізді танимыз. И бір біріміздің ым-дымымызды былай-ақ түсініп отырамыз.
«Ozmz ғой» енді әр жұма 17:35-те эфирде. Одан кейін сағат 18:10-да әзіл резиденттерінен құралған «Ұ-Night» шоуды өткізіп алмаңыздар!