Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk
– Еркебұлан Тоқтар, тоқтамайды. Октагондағы жеңілісінен кейін қоян-қолтық ұрысқа өткен болатын. Бүгін стердаун – көз түйістіру. Әдеттегідей шоу бола ма?
Көз түйістірудің соңы төбелеспен тынды. Екі жауынгер де жекпе-жекке сақадай сай екендерін айтты.
– Жекпе жекке дайындығың қалай? Біз білеміз, күні кеше толықметрдегі түсіріліміңді аяқтадың. Менде уақыт жоқ түсінесіңдер ма деп отырмайық. Бүгін енді мылтығыңды оқтап келген шығарсың?
Еркебұлан Тоқтар, актер:
– Мылтықсыз шығамын бүгін. Мылтықсыз қолмен шыға беретін болдық қой. Дайындық жақсы. 100 процентке дайынмын. Съемка кедергі келтірген жоқ. Уақыт болды дайындалатын. Дайындығым өте жақсы.
– Бір бойдан алатын гонорарың қанша? Біздегі ақпарат бойынша 5 миллионнан асады екен. Рас па?
– 5 миллионнан асады иә.
– Қалай ойлайсың, бойға келетін қыздар төбелес көруге келе ма? Әлде сені тамашалауға ма?
– Енді жеңісімді көріп, қуанышымды көруге келетін шығар.
Еркебұлан – әр жекпе жегінен шоу жасайды. Бұл жолы да дәстүрінен жаңылмады. Бағлан Әбдірайымовтың орындауындағы «Біздің елдің жігіттері» трегімен шығып, халықты бір арқаландырып алды.
– «Біздің елдің жігіттері» – неге бұл әнді таңдадыңыздар? Ортақ шешім ғой иә?
Бағлан Әбдірайымов, әнші:
– Жоқ мен таңдаған жоқпын. Оны Еркебұланның өзі таңдаған. Алдында Өзбекстанда, Ташкент қаласында осы әнмен шыққан екен. Сол кәдімгі рух беретін, жүрегіме тыныштық сыйлайтын, күш қуат беретін көңілге жайлы әндердің бірі. Бірге шықсақ шығайық, болмаса сол әнмен мен өзім шыға беремін деді. Жақсы көретін, сыйлайтын ініміз ғой. Жарайды, бірге шықсақ шығайық деп солай келдік қой.
Еркебұланның жекпе-жегі түгелдей 5 раундқа созылды. Түйіндеуші сәттің, соңғы минуттарында нокдаунға есеп ашылып, жеңіс Тоқтардың тақымынан сырғып түсті. Солайша ресейлік Фарид Ядуллаев, сегізінші рет триум тұғырына шықты.
Тосылып қалған Тоқтар жоқ. Қарсыласы Фарид Ядуллаевтан өз жері Ресейде реванш өткізуді сұрады.
Жекпе-жек файтерлердің төбелесінен ғана тұрған жоқ. Кеш тосын жұдырықтасуларға толы болды. Алаң ортасында Ақтөбе мен Талдықорғандық жаттықтырушылар, файтерлер, тіпті көрермен де көз көгертті. Текетірес соңы ұйымдастырушылар тарапынан ескертумен тынды.
Көрермен тағатсыздана тосқан Қасымбай Мұратбек пен Никита Солониннің айқасы алғашқы раундтың бірінші минутында-ақ аяқталды. Отандасымыз Қасымбай, ресейлік Никитаның бүйрегінен ұрып нокаутқа түсірді. Ары қарай нокаудтар легін Темерұлан Шашубай, Жәнібек Қанатбаевтар жалғастырды.
Кеш көркін: Еңлік, «Hassak» тобы, Ulukmanapo, Shiza сынды әртістер қыздырды. Жауынгерлер рухты тректердің сүйемелдеуімен ортаға шығып отырды.
Номад файтинг ұйымдастырған жекпе-жекке 13 жұптан 26 жауынгер қатысты. Жұрт бір айға жуық асыға күткен Еркебұлан Тоқтардың айқасы сәтсіз аяқталды. Дегенмен ол: Мен әлі бұдан да мықты боп ораламын,-деп тістеніп отыр.
Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk
– Ештеңе етпейді. Ер жігіттің мойынында қыл арқан шірімес. Тек келесі теке-тіресте тізе бүгіп қалмаса болғаны. Басқасы маңызды емес.