Сымбат Сағындық, тілші:
– Әр weekend-те кемі екі жаңа лентаның прокатқа шығып отыруы – бүгінгі тенденция. Ал оның сапасы мен мазмұнына мән беріп, бақылап жатқан кинокритиктер саусақпен санарлық. Қазақстандық кинобәйгелер атымен жоқ. Оқ бойы озық шыққанын, тек кассалық жиын анықтайды. Біз бүгін премьерасына келген «Робот әйел» комедиясы қай деңгейге тұрақтайды?
Ауылдың таусылмайтын тірлігін роботтың мойнына салып беріп, күнделікті күйбеңді көрсететін «Робот әйел» толықметрі. Ішкіш күйеуден шаршаған келіншек, бітпейтін шаруа. Үңілген адам, астар табады. Сондықтан да осы картинаға ұсыныс түскенде, Жұлдыз Әбдікәрімова көп ойланбай келіскен.
Жұлдыз Әбдікәрімова, актриса:
– «Робот әйел» картинасы несімен көңіліңізден шықты?
– Біріншіден образдың өзі ерекше. Одан кейін қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер қозғалғандықтан келістім. Бірінші сценарийге көңіл бөлем, сценарий қызықты болса, басы қызық болып бара жатса ары қарай жалғасын сұраймын. Менің рөлімнің сценарийін сұраймын.
Қашанда сценарийге мән беремін деген Жұлдыз, өз туындысына келгенде, сертін бұзды ма? Авторлық киносы «Ажырасамын»-ның сюжеттік желісі, оңбай сынға ұшырады. Бірақ оған налып тұрған Жұлдыз жоқ. «Келесі картинада айтылғандардың бәрін ескеремін»,-дейді.
Жұлдыз Әбдікәрімова, актриса:
– Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыздың пікірін, сынын естіген боларсыз? Сіздің тараптан ресми жауап болмады.
- Әрине, тыңдадым, оқыдым. Тіпті мені сынаған кезде қуандым десем де болады. Себебі саф өнердің саңлақтары сынап жатса, мен құба құп тыңдаймын. Құлақ асамын. Және келесі рет оның бәрін ескеремін. Сондықтан мен ол кісіге тек рақмет айтамын. Ол кісі менің ең сүйікті актерім.
Сымбат Сағындық, тілші:
– Жұлдыз Әбдікәрімова, Қуандық Шәкіржанов, Әбунасыр Серіков! Актерлық құрамда серпіліс аз! Таныс түрлер. Тіпті толықметрдің концепциясы осыдан 16 жыл бұрын таспаланған Өзбекстанның «Севгинатор» лентасына ұқсас. Бұл сәйкестік пе?
Мақсат Куватов, продюсер:
– Бір сұқбатыңызда киноның 50 пайызын, өзбек ағайындарымыздың «Темір хотин» киносынан алғаныңызды айтқан едіңіз. Ол фильм 1990 жылы таспаланған. Сосын біз трейлерді қарап, 2007 жылы жарыққа шыққан «Севгинатор» фильміне де ұқсаттық. Бұл сәйкестік пе?
- Шаров Бошбекұлының пьесасына негізінде алғанбыз. Сіз айтқандай, өзбек ағайындарымыз оған 90-шы жылдары кино түсірген. Біз сол киноны көріп ойландық, неге қазақи форматта шығармасқа. Өзіміздің минталитетке неге жақын істемеске деп сол негізгі идеясы пьессадан алынды.
Фильмнің өзегін Өзбекстаннан алған продюсер: «Жұрт маған жала жабуға асықпасын. Бәрі заң аясында»,-деді.
Қуандық Шәкіржанов, актер:
– Соңғы кезде байқап жүрміз, қызық киноиндустриясында сізге деген сұраныс күрт артты. Бұны немен байланыстырасыз? Себебі бар ма?
–Өзі сондай болады. Бір мезгілде сұраусыз қалып қалатын уақыттар болады. Жылдап. Кейде үлгере алмай қалатын кез болады. Әр нәрсе сәтімен ғой.
– Трейлерден байқап қалдық, бір сәттерде сіз Жұлдыздың бөксесінен, белінен ұстап қаласыз. Ол жұлдыздың өзі болды ма? Әлде дублер ма?
– Жоқ жоқ бұл жерде менде де дублер болмайды, Жұлдызда да дублер болмайды. Біздер өзіміз актерлар мойынымызға алған, сценариймен таныстық, келісімімізді бердік. Оның бәрін өзіміз ойнап шығуымыз керек.
Әбунасыр Серіков, актер:
– Соңғы жылдары сізге сұраныс күрт артқаннан кейін, гонорарын өсіріп жіберді деген ақпарат тараған еді. Бұл рас па?
– Қанша киноға түстім, қолымнан келгенше көмектестім. Қазір олар аяқтан тұрғаннан кейін, біздің де бала-шағамыз бар. Мен қазір емделіп жүргеннен кейін, емімді ешкім төлеп бермейді ғой. Дәрісі бар, басқа облысқа барасың, жататын жерің бар.Сондықтан да әр нәрсенің өз еңбегінің ақшасы болуы керек. Соны беру керек. Айтам да қолымнан келгенше кезінде көмектестім, енді сіздер де маған көмектесіңіздер.
Жазира Еркін, актриса:
– Фильмді көрдің, көңіліңнен шықты ма?
-Иә, әрине шықты. Идеясы күшті. Бастапқы кезде ойладым да: стандартная комедия, әдеттегідей ауылдың әңгімесі, роботтың жағдайы деген сияқты. Соңында роботтың айтқан сөзі, толықтай фильмнің идеясын жеткізген сияқты.
– Қай эпизод есіңде қалды? Бастан аяқ көрдің ғой. Бір залда отырдық.
Қазір айтам, қазір айтам... Представляете, нету такого да...
Сымбат Сағындық, тілші:
– Бір ай жазылып, екінші айда түсіріліп, қатар постпродакшны жүретін кинолар конвеерден шығып жатқандай... Киногерлердің өзі бұл үрдісті құп көреді. Өйткені сан көбейген сайын, сапа артатынына сенеді. Қазақстандық картиналардың прокатты толтырғанын қалайды. Талғамы өскен көрермен, таңдауын өзі жасайды.