Сымбат Сағындық, тілші:
- Дәл қазір шұғыл ұйымдастырылған пресс-конференцияға келіп тұрмын. Күні кеше «Ninety one-ның» JUZ Entertainment компаниясымен арадағы келісімшарты тоқтағаны белгілі болды.Біз ақпараттың егжей-тегжейін анықтап көрдік.
91 тобы тарай ма? Бұл сауал сан рет компания ішінде көтерілген екен. Ал ресми шешім енді шықты.
Zaq, «Ninety one» тобының әншісі:
- Бұл затты талқылаудың бір реті болған жоқ. Бірнеше рет болды, осы 8 жылдың ішінде. Ал мына нақты соңғы шешімнің өзі жарты жыл бойы талқыланды. Бұл жәй ғана келе салған әңгіме емес. 91 тобы тәуелсіз жұмыс жасайды JUZ Entertainment-тен.
Желіде желдей ескен ақпаратты естіп, көңілдері түскен иглзды жігіттер жұбатып қойды. Тіпті жақында өздері тұңғыш рет жеке командаларымен тур ұйымдастырмақ ниетте екен.
Ace, «Ninety one» тобының әншісі:
- Бұл жерде олар ойлаған болар, разрыв болған кезінде 91 тобы тарайды деп. Өйткені, көбінесе продюсерлер өздерінің тәрбиелеген группаларына атын бермейді. Таратып жібереді немесе тоқтатып тастайды жұмысын. Бұл жердегі оқиғада біз жұмысымызды жеке жалғастыратын мүмкіндікте қалып, келісімде қалғаннан кейін мүмкін жыламайтын шығар деп ойлаймын, топ жұмысын жалғастыратын болғаннан кейін. 91 тобы JUZ Entertainment-сыз осы 18-і күні Астанада концертті жасап жатырмыз.
Өткен жылы қараша айында Ерболат Беделхан 91-ді АҚШ-қа аттандырып, продюсер Дэвид Валера Рэйноссомен жұмысты жалғастыратынын хабарлаған еді. Бірақ бұл іс бүгінде бұлынғыр тартып тұрғанға ұқсайды. «Дегенмен олармен келісімшарт үзілмеді», - дейді продюсер.
Ерболат Беделхан, продюсер:
- Бұл белгісіз дүние. Балалардың да, менің де көзқарасым белгісіз. Ол қалай болады, қашан болатыны. Бұның созылып кету мүмкіндігі болды. Сондықтан да қазір барлығы тоқтатылады. Ары қарай балалар өздері жұмыс істегісі келетін болса, әрине, балалар жұмыс жүргізетін болады.
Ерболат Беделхан топқа тиесілі дүниенің бәрін, жігіттердің меншігінде қалғанын айтты. «Мен олардан ештеңені де тартып алмадым», - деді ол.
Ерболат Беделхан, продюсер:
- Жоқ, барлық «Ninety one-ның» өзінің парақшалары, топтың аты, өздерінің аттары, аудио, видео контенттердің барлығы балалардікі.
Талай тректерімен шоу-бизнесті шулатқан жігіттер: «Еңбегіміз еш кетпеді. Біз құрылған уақыттан бері, ән әлемінде біраз дүние жақсы жаққа өзгерді», -дейді.
Bala, «Ninety one» тобының әншісі:
- 2014 жылды еске алсаңыздар, Қазақстанда не болып жатты, шоу-бизнесте не болып жатты, айналада, интернетте, ютубта не болып жатты бәрін еске алсаңыз, сосын қазіргі уақытта не болып жатыр. Шоу-бизнес пен интернетте жастардың істеп жатқан нәрселерін салыстырсаңыз менің ойымша бәрі түсінікті деп ойлаймын. Біздің жақында түсінгеніміз өзгеріс өте көп болды. Біз оған өте қуаныштымыз. Біз сіздерді жақсы көреміз!
Ninety one-дық жігіттер алдағы уақытта төртеуі бірігіп, жұмыстарын жеке жалғастыра беретіндерін айтады. «Ешқандай продюсермен келісімшарт болмайды», - дейді.
Zaq, «Ninety one» тобының әншісі:
- Біз негізі ондай ойды қарастырған да жоқпыз. Яғни басқа бір адаммен продюсер ретінде келісімшартқа отыру деген сияқты. Мына елде болсын, басқа елде болсын. Партнерлық тұрғыда жұмыс істеуге болады. Әртүрлі адамдармен. Бірақ нақты продюсердің қол астына бару деген ой, мүлде жоқ.
Сымбат Сағындық, тілші:
- 91-лік иглздарға жақсы жаңалық – топ тарамайды! Жігіттер жұмыстарын әрмен қарай тек JUZ Entertainment компаниясынан бөлек жалғастырады. Екі жаққа кетуінің себебін, топ продюсері – Ерболат Беделхан жігіттер мен компанияның жоспарларының екі бөлек болуымен түсіндірді. Ендеше 91-ліктерден алдағы уақытта шығармашылық, жақсы жаңалықтар күтетін боламыз!