Әсел Асқар ақшасын үнемдеу үшін супермаркет, гипермаркеттерді айналып өтетін көрінеді. Блогер қолы босай сала, біткен азық-түліктің орнын толтыруға базар аралап кетеді екен. «Бірақ ол жақтағы баға, жаға ұстатады», - деп қынжылды актриса.
Әсел Асқар, блогер:
– Мен продуктыға өзім барамын. Мамаммен, сіңліммен. Көмекшіммен бірге. Өзім барам, өзім көрем. Базардан алам. Біздің басқа адамдардан ешқандай ерекшелігіміз жоқ қой. Кәдімгі адамбыз.
Ал жақында кәсіп ашып, бизнес умен атанған экс-Кешьюлік – Элизат Берікова да қажетті тағамдардың негізсіз қымбаттауына наразы. Екі ұлдың анасы: «Кейде үнемдеуге тура келеді», - деп ағынан жарылды.
Элизат Берікова, әнші:
– Алтын қасықпен тамақ ішіп отырған жоқпын. Жүрегім алтын емес. Мен де адам баласымын. Мен де күніге үйге барған кезде жылаймын, ақшам бітіп қалатын кездер болады. Адам болғаннан кейін өмірде бәрі болады.
Ал Айқын Төлепберген уақыт өткен сайын, жары Жұлдыз Өмірғалиға азық-түлік алу үшін, ақшаны көбірек беріп жүргенін айтады. «Өйткені бәрінің бағасы қымбат», - дейді әнші.
Айқын Төлепберген, әнші:
– Шыны керек азық-түліктің бағасын білмеймін. Бірақ барған сайын көтеріліп бара жатқанын білемін. Жұлдыз барады. Супермаркетке барады да, кәдімгідей бір корзинаны ойлайды. Сол корзинаның барған сайын қымбаттап бара жатқанын білемін. Бірақ бағаларға қарамаппын.