Тректері бірінен соң бірі трендке ілігіп жатқан Таспайдың да әндерін бүгінде кавер стилінде орындайтындар көбейген. Рэпер: «Бұл танымалдылықты арттырудың тағы бір жолы. Оған қарсы емеспін», - дейді. Десе де, Таспай түп нұсқаға баса назар аударған жөн екенін айтып қалды.
Taspay, әнші:
– Кавер айтып жатқандар көп қой. Егер каверді достойно айтқан болса, ол тыңдалады. Шайқалады адамдар. Ол адамның өзінің айтып шығуына... Кавер айтсын, ол өзінің жеке шығарған әнін болсын. Но жеке шығарған ән лучше ғой полюбому.
Әріптесінің пікіріне Жұбаныш Жексенұлы да қос қолдап қосылатынын жеткізді. «Егер әнді түпнұсқадан асырып тыңдарманға жеткізе алса, бұл орындаушының жеңісі», - дейді Жексенұлы. Сондай ақ, Жұбаныш аға жүрегін селт еткізген каверге қатысты пікірін де білдірді.
Жұбаныш Жексенұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Әміренің Бүркіт болып киімімен айтқаны «Өкінбе сен» өте керемет. Мен енді өте маған мынау көзге жас келетіндей сондай әсер берді, шын мәнінде де. Денең тітіркенеді, мен Әміренің өзіне звондап айттым керемет қой мынау деп.
Сәкен Майғазиев те жастардың жаңашылдыққа құмарлығына қуанады. «Өнер бір орында тұрған жоқ. Тыңдарманның талабы өсті. Оны мойындау керек»,-дейді әнші.
Сәкен Майғазиев, «МузАрт» тобының әншісі:
– Кейбір әндерді әрине кез-келген дүниені өзінің интерпретациясында, өзінің орындауыда, өзінің мәнерінде орындау мүмкін. Бұл кавер версия барлығында болады, рұқсат етіледі музыка әлемінде.
Тыңдарман талабын ұққандардың қатарында «Меломен» тобы бар. Кавер нұсқалардың бірінен кейін бірі хит болып жатқанын көрген жігіттер де, енді ескі әндерге жаңаша дем беруге кірісіп жатыр екен.
«Меломен» тобы:
– 2000 жылдары қаншама әндер хит болды. Расымен де ол әндер қазір тыңдалып жатқан жоқ. Былай айтқан кезде, қазіргі жастарға бір жаңа, кавер вариантта жасап жатырмыз, естеріне салып қояйық деген бір жағынан ойда.