Элизат Берікованың әншілік мансабы 3 жыл бойы тоқтап тұрған-ды. Өнер иесінің айтуынша, шоу-бизнеске оралуына күйеуі қарсы болған екен. Енді Берікова жеке өміріндегі өзгерістерге байланысты әншілік мансабын қайта жандандырмақ.
Дәл осы лирикалық тректы Элизат продюсерсіз жарыққа шығарды. Әнші «Кешью» тобынан кеткеннен кейін, мансабын продюсерсіз жалғастыру қиынға соққанын айтады.
Элизат Берікова, әнші, актриса:
– Студияда бір дұрыс айта алмай қалған кездерде, Бағым Мақсатқызы айтатын «сенің аузыңа шәйнәп беріп тұрған нәрсені неге жұта алмай тұрсың» деп солай ұрысатын. Бірақ қазір қарап тұрсаң шынымен де айтылған нәрсе екен.
Жеңісхан Момышев та әншілікті қайта қолға алмақ. Киноға бет бұрып, бір емес бірнеше табысты картина таспалаған режиссер сахнаны сағынған көрінеді. Еске салсақ, Жеңісханның соңғы туындысы «Базар жок Мексика» фильміне арналған саундтрек болатын.
Жеңісхан Момышев, режиссер:
– Қазір әншілер қорықпасын. Қазір түсіріп, қазір бастау керек. Ертең бәрі орнына кеп, бәрі басталған кезде, сіз бастап жатсаңыз сіз кешігіп қаласыз деп ойлаймын.
Әнуәр Нұрпейісов те, көптен бері көзге көрінбей кеткен-ді! Енді, актердың жаңа музыкалық альбом әзірлеп жатқаны белгілі болды. Әнуардың ән жинағы орыс тілінде жарық көрмек.
Әнуар Нұрпейісов, актер:
– Мен алдағы уақытты өзімнің музыкалық альбомымды жарыққа шығарсам деймін. Бірнеше әнім дайын тұр.
Нұрпейісовтың жаңа туындылары жоспар бойынша жаңа жыл қарсаңында жарық көрмек.