Нұржан Төлендиевті соңғы кезде телеарналардан да, әлеужелі беттерінен де сирек көреміз. Актердің өзі мұны шығармашылығындағы жаңалықтарының болмауымен түсіндірді. Оның үстіне Төлендиев мырза, жұрт көзіне жылтыңдап көріне беруді жақтырмайды екен.
Нұржан Төлендиев, актер:
– Инстаграмның өзін қалай салу керек, оны бір кәсіп қылған азамат емеспін. Бірақ инстаграм деген жақсы ғой. Халықтың алдында жүресің. Бірақ енді ішкен-жегеніңді, біреуге қайырымдылық жасағаныңды не болмаса жасап жатқан кәсібіңді көрсету міндет емес. Сенің міндетің халыққа өнеріңді көрсету.
Төлендиев бүгінде тек «Алдараспан» театрының тыныс-тіршілігімен жүгіріп жүргенін айтады. Құрылғалы құрамы өзгермеген ұжымда, 2015 жылы Еркебұлан Ұрынбаев атты актер болған еді.
«Ақтырна», «Үйлену», «Сал сері» сынды жарқын образдарымен ел есінде қалған Еркебұланның театрдан кетуі, сол сәттегі жанкүйерлер үшін үлкен жаңалық болған-ды. Содан кейін актер тіпті желі беттерінен жоғалды. Осы уақытқа дейін Ұрынбаевқа қатысты, Төлендиев ешқандай ресми жауап бермей келген болатын. Осы жолы да, бұл жайтқа қатысты пікір білдіруге құлық танытпады.
Нұржан Төлендиев, актер:
– Енді күйеуі мен әйелі де ажырасып кетіп жатыр. Кетем деді. Басқа жолды таңдаймын деді. Жолы болсын. Мен біреуді ұстап тұруға құқығым жоқ қой.
Одан өзге Нұржан Төлендиевтің айтар жаңалықтары жетерлік. 2009 жылдан бері жұрт көзайымы болып келе жатқан «Алдараспан» театры, тұрақты әрі сүйікті көрерменіне жаңа бағдарлама әзірлеп жатыр екен.
Нұржан Төлендиев, актер:
– 13-17 желтоқсан күні, мемлекетіміздің егемендігіне арнап, 30 жылдығына арнап «Алдараспан» театры концерт қоямыз. Жаңа бағдарлама, жаңа дүние деп есептейміз.
Бүгінде тек театрда жүрген Төлендиев келешекте киноға түсуі әбден мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, Нұржан: 2012 жылы «Бізді күтер бір бақыт» толықметрлерінде басты рөлді сомдаған еді. Содан кейін ешқандай картинада төбе көрсетпеді.