Прокатқа шыға салысымен әлем жұртшылығының назарын өзіне аударған «Игра в Кальмара» туындысының екінші маусымы шығуы мүмкін. Дорама режиссері Хван Дон-хёк-тың айтуынша ол бұл шоудың жалғасын түсіремін деп ойламаған.
Әйтсе де, Хван Дон-хёк қазірдің өзінде екінші маусымның сценариіне кірісіп кеткен. Бұл жолы ол «Front Man» атты алтын маскадағы кейіпкерге басты назарымызды аударамыз деп отыр. Фронтмэн - серияның негізгі антагонистерінің бірі. Ол ойындарды ұйымдастыруға, қатысушыларды бақылауға, қауіпсіздікке жауап береді.
Дораманың премьерасы 17 қыркүйекте көрермендерге жол тартқан еді. Телехикая стримнгте бірден трендке ілігіп, Нетфликсте ең көп қаралым жинаған топ 10 сериалдың қатарына енген. Бұл осындай үлкен жетістікке жеткен ең алғашқы корейлік туынды атанып отыр.
Еске салсақ, 9 эпизодтан тұратын дорама қарызға кірген 456 адам жайлы. Олар бастарын 40 млн долларға тігіп, ақшалай сыйлық үшін сайысқа түседі.