Ислам мен Шынар мерекенің уақытын соңына дейін құпияда ұстаған. «Себебі карантиндік шараларға байланысты екі ойда жүрдік. Той болмай қалуы да мүмкін еді. Бірақ бәрі реттелді», - дейді Ислам.
Ислам Алтайбаев, «Бір болайық» қатысушысы:
– Осы күнге де жеттік. Аллаға мың да бір шүкір. Тойға негізінде бір 2 айдан аса уақыт кеткен шығар.
Шаңырақ көтерген жас жұп, өткен шаққа оралып 2017-нің күзін еске түсіріп көрді. «Бала болыппыз. Ренжістік те, татуластық та. Бірақ ештеңеге қарамай бірге болдық. Шүкір», - дейді олар.
Шынар Меджанова, «Бір болайық» қатысушысы:
– Шындығында 2017 жылы біз танысып, қыз жігіт болып жүре бастадық. Одан кейін 2018-дің басында айырылып кеттік. Содан кейін 3 жыл бойы мүлдем сөйлеспедік және осы 2021 жылдың басында наурыз айында, жоқ апрельде, иә? Сәуір айында қайтадан кездесіп, сөйлесіп көрейік деп шешкенбіз.
Шынар той көйлегін, ал Ислам той костюмын шараға бір күн қалғанда алыпты.
Шынар Меджанова, «Бір болайық» қатысушысы:
– Той көйлекті біз прокатқа алдық. Сол дұрысы деп шештік. Өйткені бір күнге ғана киесің және де қатты үлкен сомманы бір күнге көйлек үшін шашқан дұрыс емес.
Алты алаш асыға күткен тойға қонақ болып келгендердің ішінде «Бір болайықтың» бұрынғы қатысушылары және экс-жүргізушісі – Анна Данченко да болды.
Анна Данченко, тележүргізуші:
– Төртінші маусымға қатысушы болып келген кезде қатты таңғалдым. Себебі Ислам: «Қанша қызбен таныссам да, бәрібір жүрегімде Шынар өзінің орнын алып тұрғанын түсіндім, білдім және де қайтадан кездесуге, қайтадан сөйлесіп көруге тырыстым», - деп айтқан бір сөзінде. Одан кейін барлығымыз, редакциямен ақылдаса отыра Шынарды қайта шақыруға бел буған болатынбыз.
Иә, дәл сол шешім екі жасты үлкен қадам жасауға дейін алып келді. Бірақ жоба барысында қос жұптың бір-біріне қабақ шытқан сәттері аз болмады. «Сол кездері ешкімнің ықпалынсыз, өздері тіл табысты», - дейді Шах.
Шах-Керім Кәрмен, тележүргізуші:
– Бары шын болса тартылыс заңы, түбінде біздер жолығысамыз дейді ғой Ұлықбек Есдәулет. Тура сол енді. Бұл жерде ме Исламмен сөйлестім, Аслы Шынармен сөйлесті деген бірдеңе болған жоқ. Қайда жүрсе де екеуі ренжіп жүрсе де бір бірлеріне тартылып жүрді және түбінде осылай аяқталғаны мен үшін ол логикалық аяқталу деп есептеймін.
Исламның туған қарындасы, «КеshYou» тобының әншісі – Наргиз Алтайбаева да ағасының тойында аяғынан тік тұрып қызмет қылып жүр. «Басында Шынар дейтін едім. Кейін ресми түрде некелері қиылғаннан кейін «Жеңге» деп жүрмін»,-дейді өзі.
Наргиз Алтайбаева, Исламның қарындасы, «КеshYou» тобының әншісі:
– Енді кішкене де болсын деп, жалғыз түйір бауырым ғой, ағам ғой. Басында жас жұбайларды кіргізіп, шығару жағынан өзімнің театр ұжымыма өтініш жасаған болатынмын. Менің шашбауымды көтеріп, сол кісілер келіп отыр және өзіміздің Баян Мақсатқызының продюсерлігімен құралған «КеshYou» тобы, өзім ән айтатын ордам шашбауымды көтеріп келіп отыр.