V $ X V PRiNCE Алматы арена залына 3000-нан астам адамды жинап, жеке кешін дүркірете атап өтті. Алайда, карантинде ауқымды концертті ұйымдастыру Асхатқа оңайға соқпаған.
- Енді бәрімен сөйлесіп, келісімдерін алу қиын болды. Бәрі жақсы болады деп көндіруге тырыстым. Ашық бағдарламасы арқылы және барлық ережелерге бағынатынымызды айттым.
Cali, Big som, Мулан, Сей МО, HIRO. V $ X V PRiNCE-ты қолдап келген рэперлердің санында шек болмады. Соған қарағанда, шоу-бизнес өкілдері ауқымды концерттерді сағынғандай.
HIRO, әнші:
- Бүгін менің бауырым Асханың концерті! Біз бәріміз осындамыз. Оны қолдап келдік, өз өнерімізді де көрсетеміз.
2Rar алғашқы жеке кешін ашық аспан астында өткізген еді. Әншінің продюсері концертті ұйымдастыру барысында біраз қиындықтарға тап болғанын айтып берді. Мәселен, карантиндік жағдайға байланысты, билет сатылымы тоқтаған.
Назира Әлмұхаметова, продюсер:
- Билеттер 2 апта ішінде ғана сатылды. Алдыңғы күні сатылымды жауып тастады, біз соңғы 2 күнге көп үміт арттық. Негізі 4 мыңнан астам адам болады деп есептеген едік, себебі мұнда оған мүмкіндік бар.
Дегенмен мерекелік кешке 2Rar-дың өнерін сыйлап, қолдап келген әріптестері көп болды.
Осылайша, отандық әншілердің біразы карантинге қарамастан концертін өткізсе, қалғаны шетел сахнасын жағалап жүр. Дегенмен, бұл екі тарапқа да қосылмайтын жұлдыздар бар. Мәселен, Ayree үлкен шараны ұйымдастыруды бүгін-ертеңге емес, болашақтың еншісіне қалдырып отыр.
Ayree, әнші:
- Беру үшін концертті оған үлкен дайындық керек. Мен үшін ол жәй ғана концерт беріп жәй ғана сахнада тұру емес, ол кәдмігідей шоу жасау керек. Сондықтан ең менің алғашқы жеке концертім ол Алматыда болу керек. Содан кейін басқа қалаларға, басқа мемлекеттерге барамын.
Коронавирустық ахуал көп әртіске тұсау болғаны айтпай-ақ түсінікті! Әкімдіктен рұқсат, карантин жағдайының тұрақсыздығы, көрерменнің келмей қалу қаупі – бұл кезеңде кеш ұйымдастыру әншілерге тәуекелге барумен тең.