Өткен уик-энд бойынша «Круэлла» фильмі кассалық табысы жағынан топ жарды! Криминалды комедия 16 млн-нан аса кіріс көрген. Голливуд жұлдызы Эмма Стоун басты рөлді сомдайтын картина «101 долматин» лентасының приквелы. Эмманың кейіпкері өз атын фэшн әлемінде айқындау үшін, түрлі алаяқтық әрекеттерге барады. Сондай-ақ, комедияда 70-ші жылдары қалыптаса бастаған панк-рок мәдениеті суреттеледі.
Отандық бокс-офистің екінші сатысында «Қарғыс 3» картинасы. Қорқынышты лентаның авторлары айналымдағы алғашқы аптада 15-млн-нан аса пайдаға кенелді. Патрик Уилсон мен Вера Фармига бой көрсеткен триллер, АҚШ-та өзінің қатігездікпен адам өлтіргенін мойындайтын қылмыскердің оқиғасы туралы. Алайда оның мұндай әрекетке тылсым күштің жетелеуімен барғаны белгілі болады.
Киномандардың көңілінен шыққан тағы бір туынды «Тыныш жер» фильмінің екінші бөлімі. Триллер 15 млн қаражат жинап, үздік үштікті түйіндейді. Эмили Блант, Киллиан Мёрфи сынды топ актерлар қатысқан картина, құбыжықтардан қорғану үшін үнсіздікте өмір сүруге мәжбүр болған Эбботтар отбасы жайында.