Театр әлде кино? Бұл сауалды отандық өнер өкілдеріне қойып көрдік. Соның бірі – екі саланы қатар алып жүрген Асылхан Төлепов шығармашылығын бөліп-жарудан аулақ. Мансабын толық метрден бастаған актер бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Музыкалық жас көрермен театрында» қызмет етіп келеді.
Асылхан Төлепов, актер:
– Адам үлгерем десе, барлығына үлгеруге болады ғой. Мен өзім бірнеше жылдан бері, бірнеше жерде жұмыс істеп жүрмін. Театрыма да үлгерем, кинома да үлгерем. Адам үлгерем десе, үлгереді. Ең бастысы өте аз ұйықтау керек. Сол кезде ғана адам жетістікке жетеді.
Асылхан: «Барлығына үлгеру үшін уақыт керек», - десе, Дәурен Серғазин: «Ең бастысы өз ісіңді сүю маңызды», - дейді. «Жастар» труппасының мүшесі театр сахнасында өнер көрсеткенімен, үлкен экран танымалдылықты арттыру жолы екенін жақсы түсінеді.
Дәурен Серғазин, актер:
– Маған екеуі де жақын. Екеуін де ұнатамын. Екеуін бір-бірінсіз елестету қиын өзімді сондықтан екеуін де бірге алуға тырысамын. Алла сәтін салса осы шамам жеткенше екеуін бірге алып жүруге тырысамыз.
Режиссерлардың көзіне түсіп театрдан фильмдерге жолдама алғандардың бірі – Мейріғат Амангельдин. Бүгінде киногерлер арасында сұранысқа ие болған өнерпаз: «Театрда төленетін ақша тым аз», - дейді.
Мейірғат Амангельдин, актер:
– Жалпы жақсы актерлар қазір жақсы гонорар алу керек. Өйткені біз бір киноға қарап отырмыз. Театрда істейтіні бар, істемейтіні бар. Кейбір актерлар театрда істемейді сол киноға қарап отыр. Сондықтан ол 10 кинодан кейін түспей қалуы мүмкін. Сондықтан актерлар сұрау керек жақсы гонорар сұрау керек, біз әнші емеспіз ғой.
Театрдағы еңбекақысына көңілі толмаған Вахид Изимов та бүгінде телехикаяларға түсуге мәжбүр. Актер тіпті «Жас сахнадан» түбегейлі кеткенін де мәлімдеді.
Вахид Изимов, актер:
– Былайша айтқанда шаршадым. Театрдан шаршадым. Бір жағынан ақша жағынан, екінші жағынан жалпы внутренный андай бір менде бір борьба болған ғой. Сол шаршадым дейікші.
Бүгінде Вахид шығармашылығынан бөлек, бизнеске де бет бұрмақ ниетте.