Кешегі КВН түлектері бүгінгі шоу-бизнестің жұлдыздары! Кинопродюсер ретінде туындысы арқылы тұңғыш миллиардер атанған Нұрлан Қоянбаев соның жарқын бір дәлелі. Оның «Бизнес по казахски» лентасы отандық фильмдер арасында бөлек брендке айналып, талай таланттың шамшырағын жақты.
Нұрлан Қоянбаев, кинопродюсер:
- Киноиндустрияда әзірге жеңімпаз деп айтуға болады. Қазір деген көп әріптестеріміз енді бір-бірінен сұрайды ғой бірінші орында қай кино деп сонда по-казахски дейді. Оның өзі маған жеңіс.
Тіпті, кезінде көрерменді күлкіге қарық қылған жайдарманшылар кино саласында бүгінде бір-біріне бәсекелес атанған. Нұрдәулет Шертім, Асқар Бисембин, Нұртас Адамбайлар фильм таспалап, бұл салада жемісті еңбек етіп келеді. Әзілкештер арасынан Дәурен Айдарқұлов сынды сұраныстағы актерға айналғандар да бар.
Дәурен Айдарқұлов, актер:
- КВН-нің әлемінде жүрген адамдардың, сол бәскелестік әлемінде жүргеніне өте қуаныштымын. Сол бәскелестіктің арқасында Құдайға шүкір киноның сапасы да, сценарий де өсіп жатыр.
Сценарий демекші, кино ғана емес, талай ТВ жобаның авторы атанып жүрген де жайдарманшылар. Еркебұлан Мырзабек, Марат Оралғазин, Тұрсынбек Қабатовтар бүгінде еліміздегі ең рейтингілі бағдарламаларға мұрындық болып отыр.
Марат Оралғазин, шоумен, әзілкеш:
– Бұрын трендті ашып қалсаң, Ресейдің видеолары тұратын еді, қазір енді қазақша сериалдар, осыдай бағдарламалар көп шығып жатады. Сол қуантады. Демек біз өзіміз енді өндіруші ретінде қазақ тілді контент көбірек шығарумыз керек.
Ал Ақылбек Досжанов, Даут Шайхисламов көгілдір экранан көп көрінбесе де, талай істі тындырып жүрген білікті продюсерлер. Отандық интертеймэнттегі ауқымды жобалар көңілді тапқырлар клубы жігіттерінің арқасы. Бұл жетістігін жайдарманшылар: «КВН біз үшін өнер жолына жетелер үлкен мектеп болды», - деп түсіндіреді.
Асқар Бисембин, режиссер:
- Киноны, театрды кім басқарып жүр? КВНщиктер! Сондықтан енді «без комментариев» - деп айта салайын.