Clubhouse платформасы бүгінгі күннің тренді. Тіркелушісі күн санап артып жатқан әлеуметтік желіде ауқымды аудитория жинап алған танымалдар жетерлік. Тіпті, «Forbes.kz» Clubhouse-та топ ондыққа кіретін қазақстандық медиа тұлғалар тізімін ұсынған еді.
Беделді басылымның мәліметінше су жаңа желіде оқырман саны жағынан көш бастап тұрған – Бейбіт Әлібеков. Журналист әрі блогердің жеке парақшасында 28 мыңға жуық жазылушы тіркелсе, вайнер Біржан Әшім 20 мыңнан аса фолловермен екінші сатыда. Ал үздік үштікті – 17 мыңмен Әлішер Елікбаев түйіндейді.
Еске салсақ, Clubhouse қолданушылары аудиоэфир арқылы байланысқы шығады. Бұл қосымша 2020-шы жылы сәуір айында ұсынылған еді. Алғашында ол $100 млн долларға бағаланса, 2021-ші жылдың қаңтар айында Clubhouse-тың құны $1 млрд долларға жетіп отыр.
ТМД елдері арасында жыл басында сұранысқа ие болған платформада сондай-ақ, Хаким Мукарам, Қыран Талапбек және Карина Оксукбаева да кеңінен танылған. Жас блогерлер Clubhouse арқылы түрлі мәселелерді талқылап өз пікірлерімен бөлісіп отырады.