Қазақстан мен Грузия елі бірігіп су жаңа фильмнің түсіріліміне кірісті. «Больше чем любовь» атты комедияны таспалау қазақ киногерлерінің идеясы. Халықаралық жобада бас кейіпкер – Шәріп Серік. Тбилисиге арнайы барып, лентаның алғашқы сахналарына түсіп келген актер грузин киногерлерінің кәсібилігіне тәнті болғанын айтады.
Шәріп Серік, актер:
- Әрине біздің ментал жағынан кішігірім былай айырмашылығы болады. Бірақ дегенмен де, кино әлемінде киношниктер ол басқа бір ұлт жалпы. Өздерінің тілдері бар түсінетін. Мысалы менің ойымша, Қытай, Америка болсын егер кино әлемінде жұмыс істейтін адам болса, ол деген бір-бірін түсінеді.
Еске салсақ, лентада қос ел өкілінің махаббат хикаясы баяндалады. Фильмдегі Шаконың ғашығы болу грузин аруы – Натияға бұйырған.
Натия Цицилашвили, актриса(Грузия):
– Бұл фильм мен үшін екі ел арасындағы достықтың нышаны сияқты. Қазақстанның топ актерларымен жұмыс істеймін деп ойламап едім. Көп рақмет.
Ал Шәріптің фильмдегі анасын Данагүл Темірсұлтанова сомдайды. Өнер иесі үшін бұл алғашқы халықаралық жоба.
Данагүл Темірсұлтанова, актриса:
- Шақырту алдық әрине, проект енді қызық болу керек деген ойдамыз. Бір кішкене қиыншылығы туды Грузияда жүрген кезде, ол жақта локдаун болып жаңағыдай көп локацияларымыз өкінішке орай болмай қалды енді.
Карантинге қарамастан, картинаның түсірілім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мәселен, ресейлік «Солдаты» телехикаясы арқылы танылған Амаду Мамадаков фильмде бой көрсету үшін Қазақстанға арнайы келіп отыр.
Амаду Мамадаков, актер(Ресей):
– Мені шақырғандарына өте қуаныштымын. Бұл екінші рет Қазақстанға келуім. Грузиямен ортақ туынды болғаны өте қызық. Себебі менің ресейдегі театрымда режиссерім грузин. Ол бірден қолдап, баруыма себепкер болды.
Алматыға арнайы келген жалғыз Амаду емес! Түсірілім команданың басы-қасында грузияның танымал режиссері Георгий Кикалишвилидің өзі жүр.
Георгий Кикалишвили, режиссер(Грузия):
– Біріншіден мен кейіпкерлерге актер немесе әріптес ретінде қарамаймын, себебі олар менің бауырларым болып кетті. Мәселен, мына жерде отырған Шако және барлық актерларымыз кәсіби мамандар. Енді халықаралық жоба болғандықтан біз барымызды салып жатырмыз.
Қос елдің киногерлерін ортақ алаңға жинаған комедия мамыр айының басында жарық көреді деп жоспарланып отыр.