Аланияда 1 жылға жуық уақыттан бері тұрып жатқан, Алуа Қонарова көршілес елдің ұнап қалғанын жасырмайды. Бірақ продюсер биыл көктем не жаз мезгіліне қарай елге оралмақ. Содан кейін ғана шет елге көшу, не көшпеу туралы шешім қабылдайтынын айтады. Ал Алуа ханым қоластындағы Батыр Байназаровтың қайда қоныс аударатынынан бейхабар болып шықты.
Алуа Қонарова, продюсер:
- Мен Қазақстанға 3 рет қайтуға ниеттендім. Өткен көктем, күз мезгілдерінде және осы ақпанда. Бірақ еш сәті түспей жатыр. Әзірге осында қаламын. Өйткені жұмыстың бәрі тоқтап тұр. Ал Батырға келер болсақ, оның қайда көшетінінен хабарым жоқ. Бір қалада тұрсақ та, бұл тақырыпқа әлі сөйлеспеппіз.
Шетелге көшу туралы ойланғанның бірі – Зарина Омарова. Әнші карантин кезінде Түркияға жарты жылға қоныс аударғысы келген екен. Онысы «жер көріп, ел таниын» деген талаптан емес. Бас сауғасы, ауру күшейген кездегі шешімі болыпты. Бірақ Зарина ол ойынан тез қайтқан.
Зарина Омарова, әнші:
– Жарты жылға кету туралы ой келді. Ол бір қорқыныш. Сондай бір сәттер болып кетті ғой, қорқыныш. Біраз үлкен кісілерімізді жоғалта бастағаннан кейін, үрей басталды. Сол кезде бір сондай, шешім қабылдаймыз ба деген, ойлар кетті.
Тәжірибие мен даму үшін шет елге шыққысы келетіндердің бірі – Ерлан Байбазаров. Бірақ музыкант әзірге шығармашылығын Қазақстанда дамытуды жөн көреді екен.
Ерлан Байбазаров, әнші:
– Көшуге жалпы қарсымын. Бірақ барып тәжірибе алуға, неге көрмеске. Уақытша болса барамын, міндетті түрде. Өйткені өзім сондайды ұнатамын. Бірақ мен тұрақтылықты жақсы көремін. Бір жерде тұрамын ба, сол жерде тұрғым келеді. Ешқайда көшу деген нәрселерді онша ұната бермеймін.
Ал әнші, қоғам белсендісі Калия алты құрлықтың басым бөлігін аралағанын айтады. Бірақ оның көңіліне, өз елі ғана құп екен.
Kaliya, әнші:
– Мен шет елде оқығанмын, шет елде жұмыс істегенмін. Шет елге барып тұрамын. Қазіргі кезде әрине, бәрі шектеулі. Тек қана бір-екі мемлекетке баруға болады. Оқуым Мәскеуде. Осы наурыз айында мен Мәскеуге барамын. Ал енді өзімді тек қана Қазақстанда көрем болашақта.
Ал түбегейлі шет елде тұрақтап қалған қазақстандық әртістердің тізімінде: әнші Лидо, Назима, рэпер Скриптонит, стендапер Нұрлан Сабуров, әзілкеш Азамат Мұсағалиев сынды атақтылар бар.