Қызғалдақ Талғатқызына 14 жасында, туған ауылында 3 жігіт жабылып зорлық көрсетеді. 15 жасында ана атанған ол, қылмыскерлердің жаза арқалағанын қалап, оқиғасын көппен бөліседі. Бірақ іс қоғамда резонанс алғаннан кейін, Қызғалдақты айыптаушылар көбейеді. Желідегі жаман пікірлерге шыдамаған ол «Ар-Бедел» қоғамдық қорынан көмек сұраған.
Альбина Бахтиярқызы, қорғаушы:
– Қазіргі таңда Талғат Қызғалдақ Талғатқызының ісі сотқа дейін жетті. Біз Алматы қаласы Әуезов аудандық қылмыстық сотына, жеке шағыммен жүгіндік. Осы 19-шы қаңтарға сот тағайындалды, сот отырысы.
Бар негативтен Қызғалдақ көшеге шыға алмайтын хәлге жеткен. Бүгінде Қызғалдақ Талғатқызына тыным бермеген, Е. есімді азаматтың үстінен іс қозғалып, одан 50 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етілуде. Аталмыш азамат бойжеткенге балағат сөздер жазып, желіде намысын таптаған.
Альбина Бахтиярқызы, қорғаушы:
– Шын мәнінде иә, біздің елімізде жалпы осы интернет желідегі кез келген күнделікті қолданып жүрген, вацап өзіміздің сол жердегі сөзге келіспей қалатын, кикілжің туындайтын әртүрлі кездерде адамның бірін бірі қорлауы өте көп орын алады.
«Ар-Бедел» қоғамдық қоры қазіргі таңда Қазақстандағы моббингтан зардап шеккен жандарға, тегін қызмет көрсететін жалғыз орталық. Онда екі заңгер мен қос қорғаушы бар. Өз істерінің майталмандары: «Фейк аккаунттардан кері пікір жазғандарды да көз тасада қалдырмаймыз. Бәрін табуға болады», - дейді.
Альбина Бахтиярқызы, қорғаушы:
– IP адрессті анықтау арқылы, сайттан кірген болса, ол сайттың кімге тиесілі екенін анықтау арқылы біз заң жүзінде құқық беруге тырысамыз. Бұл жерде енді әнші немесе тағы басқа деп бөлмейміз, барлық ҚР азаматы болғаннан кейін, кез келген азамат жүгіне алады.
Иә, желіде жұлдыз біткенді жиі сынның астына алатындар жетерлік. Мәселен, осыдан бір жарым жыл бұрын әнші Дильназ Ахмадиева, өзін «ұйғыр» деп кемсіткен оқырманымен араздасқан-ды. Одан бөлек, жанкүйерлерінің «жеңілтек әйел» деген шабуылына Баян Мақсатқызы ұшыраған еді. Продюсер толассыз жауған жағымсыз пікірлерге: «ҚР Азаматтық кодекстің 143 бабы бойынша жауап бересіңдер», - деп көп ауызға қақпақ қойған болатын.