Таспаланғалы жатқан туындыны Баян Алагөзова өз өмірімен байланыстырғысы келмейді. Продюсер бар болғаны фильм арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шығып, әйелдердің құқығын қорғамақ ниетте екен. Мақсатқызы мейлі ол зәбірленуші болсын, мейлі зәбірлеуші болсын, лента әр көрерменге ой салады деп сенеді. Картинада шынайы өмірдегідей ауыр сахналар да көрсетілмек.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Өкінішке қарай, мен де зорлық-зомбылық құрбаны болғанмын. Ол менің өмірімдегі ең қиын сәттердің бірі. Бірақ бұл менің өмірім жайлы емес. Басты кейіпкер күйеуінен зәбір көрген барлық әйелдердің тақырыбын қозғауға түрткі болып отыр.
Мақсатқызы бастаған краудфандингке әзірге небәрі 1 000 адам ғана атсалысқан. Продюсер ақша аударғандардың 99 пайызы әйелдер екенін тілге тиек етті. Алагөзова: «Ер азаматтар әлі де болса, шындыққа тіке қарауға құлықсыз»,- дейді.
Баян Алагөзова, продюсер:
-Өкініштісі, еркектер қоғамда бұл мәселенің барын мойындағысы келмейді. Тіпті, онысымен қоймай игі істе көмектескілері келмейді. Мен продюсермін, кино арқылы бар шындықты көрсетуім керек. Қолымнан келері осы.
Картина Мақсатқызының алғашқы авторлық, коммерциялық емес жобасы болмақ. Продюсер бұл туындысының халықаралық кинофестивальдерде көрсетілгенін қалайды. Ол үшін Баян ханым келіссөздерді де бастап кеткен.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Қазір әлемдік деңгейдегі Канн, Берлин сынды байқау ұйымдастырушыларымен сөйлесіп жатырмыз. Еліміздегі бұл мәселені барша әлем көргенін және сол арқылы үкімет басшылары, ең бастысы қазақ қоғамының назар аударғанын қалаймын.
Ал тың туындыны таспалау режиссер Асқар Ұзабаевқа сеніп тапсырылған. Асқармен бірге фильмнің сценарийін блогер әрі журналист Әсем Жапишева қолға алған.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Әсем блогер, сценарист әрі журналист. Бұл тақырып оны бұрыннан қызықтырып жүрген көрінеді. Әйелдерді жақсы түсінгендіктен, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты өзінің азаматтық позициясы бар. Сценарийді 3 айдан бері жазып жатыр. Нақты бекітпедік, күнде бір өзгеріс шығып жатыр.
Ал қажетті қаражат жиналған соң, Алагөзова бірден фильмнің түсіріліміне кіріспек.