«Таурус» тартуы 2002 жылдан бері ең үздік трюктарға, экшн-сахналардың режиссері мен каскадер актерларға берілетін ең жоғарғы премиялардың бірі. Жеңімпазды анықтау оңай емес. Әлемдік каскадерлар академиясының 1500-ге тарта мүшесі туындыны дауысқа салады. Марапат: ең үздік төбелес, от, көлік, секіру және тағы басқа сахналар бойынша табысталады.
Жоғарыда аталғандардан бөлек «Шет ел фильмінде трюктер қою» номинациясын биыл қазақстандық «Томирис» картинасы жеңіп алды. «Nomad Stunts» каскадерлік клубының директоры Жайдарбек Күнғожинов: «Бұл қазақ киносындағы алғашқы ірі марапат», - дейді.
Жайдарбек Күнғожинов, «Nomad Stunts» каскадерлар тобының директоры:
– Әрине біз күттік. Қанша жыл жұмыс істеп. Қазақстан бірінші рет алып тұр. Орта Азия бірінші рет алып тұр «Таурусты». Сондықтан бұл жалғыз бізге емес, Қазақстанға да үлкен марапат.
«Томириспен» бақталас болған, ресейлік режиссер – Сергей Головкиннің «Спасти Ленинград», украиндық Павел Авиловтың «Захар Беркут», қала берді итальяндық «Король Рима» мен египеттық «Касабланка» картиналары да сайысқа түскен.
Басқа номинациялар бойынша: «Капитан Марвел», «Джон Уик-3», «Форсаж: Хоббс и шоу», «Терминатор: темные судьбы» картиналары бақ сынаған.
Жайдарбек Күнғожинов, «Nomad Stunts» каскадерлар тобының директоры:
– Бұл марапатты кезінде Шварцнегер да, Сталоне да, бәрі алған за трюки. Экшн-актерлар деп. Осы жетістікке жетіп жатырмыз. Бәріңізге рақмет.
Шет елді бағындырып жүрген қазақстандық киногерлер қатары жыл санап артуда. Мәселен, «Айка» картинасында басты рөлді сомдаған Самал Еслямова Канн фестивалінде «Үздік әйел рөлін» жеңіп алса, Аружан Жазылбекова да АҚШ-та өткен «Golden Screen Awards» кинопремиясында «Үздік актриса» атанған болатын.
Данияр Алшынов та «Қап-қара адам» фильміндегі образы үшін «Үздік актер» мүсіншесін иеленсе, сол туындыны таспалаған режиссер Әділхан Ержанов «Азия оскарын» қанжығасына байлаған-ды. Сол кеште «Үздік режиссер» атанған Ержанов: «Бұл мен үшін күтпеген жәйт болды», - дейді.
Әділхан Ержанов, режиссер:
- Егер өзіңе сенімді болсаң үмітің де әрқашан ақталады. Ол жерде әйгілі режиссерлар болды. Әрине маған үлгі тұтатын киномайталмандармен бірге бақ сынау қорқыныш тудырды. Сондықтан болар жүлде аламын деп ойламадым.
Шетелде топ жарып жүрген туындылар арасында: Нұртас Адамбайдың «Лифті» Лос-Анджелесте өткен «Genrecelebration 2018» байқауында 3 бірдей жүлдені жеңіп алса, «Финанист» киносы «Көрермен көзайымы» атанған. Қала берді, Француз елін дүр сілкіндірген «Әміре» туындысы АҚШ-тағы «Richmond International Film & Music Festival» додасында қос бірдей марапатты қанжығасына байлаған-ды.