Санжар Мәдидің актерлік шеберлігіне енді бүкіл әлем бойынша миллиондаған көрермен куә болмақ! Бұған дейін көршілес Ресей, Қырғызстан елдерінің фильмдерінде бой көрсетіп жүрген актер, халықаралық жобаға шақырту алған. Санжар бұл картинаға түсу үшін, карантинге қарамастан таяуда ғана Түркияға барып келді.
Санжар Мәди, актер:
- Стамбулға фильм түсіруге бардық. Былтыр бастауымыз қажет еді. Карантин кесірінен Дубай, Минск қалаларына бара алмағандықтан, Түркия елінде таспалауға тура келді.
Санжардың қатысуымен таспаланып жатқан туындының режиссері, кезінде
АҚШ-қа қоныс аударған отандасымыз Эркен Ялгашев. Эркен мырзаның айтуынша, шетелде Мәди-тегіне деген сұраныс күн санап артуда. Оған себеп, Санжардың ағылшын тілін де, жауынгерлік өнерді де жетік меңгеруінде.
Санжар Мәди, актер:
– Картина боевик жанрында таспаланып жатыр. Барлығын ашып айта алмаймын. Бірақ бір ерекшелігі, әр елдің – Ресейдің, Түркияның, Американың актерлары бой көрсетеді.
Туындыда Санжар Мәдимен бірге АҚШ-тың танымал каскадері Кунг Ле,
актриса Бай Лин және түрік актеры Ясин Озджан бой көрсетпек. «Бұл жоба шетелдік әріптестермен тәжірбие алмасуға таптырмас мүмкіндік болды», - дейді Санжар.
Санжар Мәди, актер:
– Шетелдік әріптестермен керемет дос болып кеттік. Кино жұлдыздары өмірде өте қарапайым. Бұл мен үшін үлкен тәжірбие болды.
Санжар Мәди енді халықаралық киножобаның соңғы сахналарына түсу үшін АҚШ-қа аттанбақ. Ал тың туынды 2021 жылдың жаз айларында әлемдік кинопрокатқа жол тартпақ.