Карантин кесірінен кезек күтіп қалған картиналар жетерлік. Атап айтқанда 15 шақты толықметрлі лента, прокатқа дайын. Олардың қатарында, тұсаукесері бірнеше рет шегерілген Айқын Төлепбергеннің «Где мое кольцосы», Құралай Анарбекованың «Тойханасы», Жеңісхан Момышев мұрындық болған «Базар жоқ, Мексика» да бұл тізімде.
Кинотеатрлар ашылмай, көптеген кинопродюсерлер, актерлар мен режиссерлар жұмысқа кірісе алмай, біраз тұралап қалғаны тағы бар. Тіпті наразы болғандары Президентке петиция да жолдады. Мәселен талай туындыға мұрындық болып жүрген Ақан Сатаев: «Ашылатын кез әлдеқашан келді», - дейді.
Ақан Сатаев, режиссер:
- Әрине кинотеатрға қатысты қазіргі жағдайға қатты алаңдаулымын. Әліге дейін жабық, ашылар-ашылмасы белгісіз. Айтылған уақытта жұмыстарын бастайды деп үміттенемін. Бастысы көрермен қауіпсіздігі сақталуы керек.
Көрермен денсаулығына алаңдайтындардың бірі, актер – Мейірхан Шерниязов. Ол: «Әзірге кинотеатрларды ашуға дайын емеспіз. Жағдайды ушықтырып алуымыз мүмкін», - дейді.
Мейірхан Шерниязов, актер:
– Театр білсеңіз, Алматыда бір 10 шақты театр бар, бар жоғы. Өкінішке орай және ол театрда күніне бір-ақ сеанс болады. Мүмкін даже тек қана демалыс күндері болуы мүмкін. Ал киноатеатрда қалай болады? Күніне әр залдың өзінде кем дегенде 7-8 сеанс болуы мүмкін. Вот сондықтан шығар осылай тыйым салынып отқаны.
Есесіне Қайрат Әділгерей: «Театрлар қызу жұмысын бастап кеткенде, неге кинотеатрдың тірлігін тұралатуымыз керек», - деп ойын ашық айтты. Актер: фильм көріп, карантиннен алған кері әсерден арылуымыз керек деген пікірде.
Қайрат Әділгерей, актер:
– Қамалып үйде отырғаннан көрі, оданда жұмыс жасап, дамып, өсіп деген сияқты. Бір мақсатымыз бар, сол қойған мақсатқа жетуге әрекеттенген дұрыс сияқты. Енді бұйыртса ашылып қалар.
Карантиннен кейінгі жарты жылдықта, алғаш рет «Леси. Возвращение домой» фильмінің жабық көрсетілімін өткізгендердің бірі Бауыржан Шүкенов. Ашық аспан астында болған тұсаукесер көп көрермен көңілінен шыққаны сөзсіз. Енді әр апта сайын Алматыда бұл дәстүр қайталанып тұрады екен. Ал Шүкеновтың өзі, «тезірек кинотеатрды ашу керек» дейді.
Бауыржан Шүкенов, «Батырхан Шүкенов» атындағы қордың өкілі:
- Осы уақытқа дейін кинотеатрлардың жабық тұрғаны өте өкінішті. Көптеген бизнестердің жұмысы жүріп жатқанда, неге залдарды ашпайды, мен осыны түсінбеймін. Дәрігерлеріміз жабық ғимаратта вирус қатты тарайды деп қорқатын шығар бәлкім. Әзірге күтуден басқа амалымыз жоқ.
Соңғы ақпараттар бойынша, елімізде кинотеатрлан 26-шы қазаннан бастап, жұмыстарын жаңғыртпақ.